Министр Алакөлді ластау оқиғасы турасында: Қонақ үйді сотқа бердік

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алакөлге лай су ағызу оқиғасы бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бұл оқиғаға қатысты іс сотқа жолданған. Біз қызметін тоқтата тұру ұсынысымен оларды сотқа бердік. Себебі аталған кәсіпорында тиісті экологиялық рұқсат болмаған. Осы шаралардың барлығы Әкімшілік кодекспен реттеледі. Сонымен қатар, бұған дейін салынатын айыппұл сомасы тым аз деген уәж айтылған болатын. Енді қызметін тоқтата тұру бойынша сотқа бергенімізді атап өткім келеді», – деді М. Мырзағалиев Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып. Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысындағы Алакөлге құбыр арқылы лай су төгіліп жатқаны бұған дейін хабарланған болатын. Әлеуметтік желіге тараған видео халықтың наразылығын тудырды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл жағдайға кінәлілер жазаланатынын айтты. Алакөлге лай су ағызған демалыс орнына 75 мың теңге айыппұл салынғаны белгілі болды. Сондай-ақ, көлге лас су ағызған қонақүй жабылуы мүмкін екендігін хабарлаған болатынбыз.

inform.kz