Қазақстанда киікті атуға 2023 жылға дейін тыйым салынды

Қазақстанда киікті 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Киіктердің санын көбейтіп, оларды сақтау мақсатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында киіктерді 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды (заң бойынша киіктерді және олардың бөліктерін, дериваттарын пайдалануға тыйым салу)», – деді комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет . Оның хабарлауынша, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Зоология институты киікті атуға 2023 жылға дейін тыйым салу туралы кеңес берген. Биологиялық негіздеме мемлекеттік экологиялық сараптамамен мақұлдаған. Киікті атуға тыйым салу туралы бұйрық ресми түрде жарияланғаннан кейін 10 күннің ішінде (20 ақпанда) күшіне енеді. «Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда 2015 жылы 150 мыңнан астам киік қырылған еді. Сол себепті 2015 жылдан бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанға дейін киіктерді атуға тыйым салынған еді. Енді киіктің санын көбейту үшін бұл мерзім 2023 жылға дейін ұзартылды. Жалпы киік Қызыл кітапқа енгізілмеген. Заңмен шектеп қана қоймай, бұл бағытта әртүрлі жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мақсат – киік санын 500 мыңға жеткізу», – дейді Сәкен Ділдахмет.