ШҚО-дағы өрт үшінші тәулік сөнбей жатыр

Шығыс Қазақстан облысында “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерватында үшінші тәулік бойы өртпен күрес жүріп жатыр, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ШҚО ТЖД өкілдері 23 сәуірде “Семей орманы” аумағында басталған өрт әлі де сөнбей жатқанын хабарлады. Оттың таралу аймағы оқшауланғанымен, орманды дала алқабында жеке жанып жатқан жерлер қазір сөндіріліп жатыр. Өрт аумағы шамамен 2500 гектар.

Өрт сөндіру жұмыстары тоқтаусыз, тәулік бойы жүріп жатыр.

“Өртті кешкі және таңғы сағаттарда ауа температурасы төмен кезде сөндіру тиімді, ол кезде тілсіз жаудың таралу жылдамдығы төмендейді. Сондықтан жұмыс күндіз де, түнде де тоқтамайды. Біз өрт шалған аумақты қаралап шығып, техниканы кварталдарға бөлдік”, – деді ШҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметінің бастығы Гафур Ақаев.

Сурет: ІІМ ТЖД

Өрттің тез таралуының негізгі себебі – күшті жел. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығу себебі – отты дұрыс пайдаланбау.

Өртті сөндіруге “Семей орманы”, “Ертіс орманы”, ШҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметі, Ақмола облысының ТЖД және Ұлттық гвардияның 400-ден астам қызметкері, сондай-ақ ШҚО авиациялық бөлімшесінің тікұшақтары мен ҚР ІІМ ТЖК Қазавиақұтқарудың Ми-26 тікұшағы жұмылды.