СҚО-дағы Тұлымбай көлінде мөңке балықтар қырылды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Тұлымбай көлінде мөңке балықтары жағаға шығып қырылып қалған. Солтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Табиғи ресурстар басқармасы экология департаменті 185 килограмм мөңке балық қырылғанын хабарлады.

Қазір экология департаменті, ветеринарлық қызмет, тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау басқармасының мамандары зерттеу жүргізу үшін су мен өлген балықтардың сынамасын алды. Құзіретті органдардың хабарлауынша, балықтардың қырылу себебі анализдер мен зертханалық тексерістердің қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады. Балықтардың қырылу фактісі 20 тамыз күні анықталған.

Тұлымбай – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Богдановка ауылы маңындағы көл.

Қазақстандағы өзендер мен көлдерде бұған дейін балық қырылу фактісі тіркелген. Мәселен, былтыр желтоқсанда Атырау облысындағы Жайық өзенінде 9 тонна тонна балық өлген. Кейін Атырау облыстық полиция департаменті балық қырылуына байланысты “Балық қорларын қорғау ережелерін бұзу” және “Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу” баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғаған. Қылмыстық іс бойынша “Атырау Су арнасы” коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнының бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко және су тазарту станциясының бастығы Михаил Чурсинге айып тағылған. Қазір сот жүріп жатыр.