«Жайық қырғыны» немесе балықтың қырылуы неден болды? (Видео)

Жайық өзеніндегі  қырылған  балық  мәселесіне  байланысты туындаған  дау  әлі  басыла  қойған жоқ. Бұл  неден  болды? Жүздеген  тонна  балықтың  қырылуына не әсер  етті? Нақты  қортыдысы  әлі  жоқ. Дегенмен  «ештен кеш  жақсы»  дегендей  судың  құрамын  зерттеп, балықтың  қырылуына себепші  болған жағдайды  анықтауға  күш  салып  жүрген  қоғам  белсенділері  баршылық.

Арман Хайруллин, қоғам белсендісі: «Су сынамаларына жасалған сараптама бойынша, оның құрамындағы 6 химиялық элемент бойынша тексерулер жүргізілді. Сондай-ақ, ондағы концентрация шектен аспайтынын көрсетті. Дегенмен, біз балықтың құрамында улы заттардың барына сенімдіміз. Оны аулап, сатуға тыйым салса екен деген тілек-талабымыз бар. Өйткені, халықтың денсаулығына үлкен зиян келуі мүмкін. Мен  Жайықтың  бойын  бойлап  жүріп  өттім.  Өзімнің   есебімше  кем дегенде 100 тоннаға  жуық  балық  қырылып  қалғанға  ұқсайды. Бұл  бергісі. Ал  мұз астында  қалғандары  қанша  ма? Есебін  бір  құдай  біледі. Кейбіреулер «балыққа  ауа  жетпей  қырылып  қалды»  дегенді айтады.  Бұл  сенімсіз. Нақты  қортынды  деп айтуға  келмейді.  Себебі Жайыққа  мұз  енді  қатып  жатыр.  Жұқа. Демек балықтың  қырылуына  өзге  бір  нәрсе  себепші  болды  ғой  деп  ойлаймын»  дейді.  Ал, республикалық  «Жас Алаш»  газетінің  тілшісі Құралай  Қуат басылымдағы «Атырауда  балықтан  бунт  бастала  ма?» деген мақаласында былай  дейді: «Атырау облысы бойынша  мемлекеттік экологиялық бас инспектор Қайратқали Хайрулла балықтардың өліміне және судың ластануына себепкер деп  суға өндірістік қалдықтар жіберетін төрт мекемені: “Атырау Су арнасын”, Атырау бекіре тұқымдас балық өсіру зауытын, Жайық-Атырау бекіре тұқымдас балық өсіру зауыты мен Атырау жылу электр стансасын атаған еді. Қала тұрғындары бұл тізімде аймақтағы ірі өнеркәсіп ошағы — Атырау мұнай өңдеу зауытының неге жоқтығын түсінбей отыр.

Қазіргі күні мұнайлы өңірдің белсенді азаматтары бас болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің, денсаулық сақтау министрінің атына «Жайық өзеніндегі балықтардың улануына байланысты» Петиция әзірлеуде. Үш тілде жазылған Ашық хатқа әзірге үш жарым мыңдай адам қол қойған. Олардың саны өсіп жатыр».

Қалай  айтсақта,  Жайықтағы  балық  қырылуына байланысты көтерілген   мәселеге  әлі  нүкте  қойылған  жоқ. Жайық алаш  баласының  батыс  өңірдегі бір байлығы. Талай  ән-жыр, аңызға арқау  болған қасиетті өзен. Жайық өзенінде балықтардың 38-ден астам түрі бар.Соның ішінде бекіре балығының   орны  бөлек. Егерде  өзенді, ондағы  балықты аман  сақтап  қала  алмасақ, аймақ  үлкен  экологиялық  апатқа  ұшырары хақ.  Демек, көтерілген   мәселе тек  сол өңірдің  шаруасы  деп  қарамай, республикалық  деңгейде қолға  алынғаны  жөн.

Видео Қоғам белсендісі Арман Хайруллин