1 грамы әлемдік нарықта 200 000 доллар тұратын сирек металдар Қазақстанда бар

Қазақстан табиғи байлығының молдығы жағынан әлемде алтыншы орынға ие. Бұған ешкім дау айта алмасы хақ. Әсіресе сирек металдар шикізатының аса бай қоры бар. Нақтылай түсетін болсақ, Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы елімізде бар. Олардың 70 түрі қай маңда орналасқаны барланып есепке алынса, 60 элемент түрі өндіріске енгізілді. Мысалға еліміз барланған мырыш, вольфрам, барит қоры жағынан әлемде бірінші орында, күміс, қорғасын, хром қоры жағынан екінші, мыс пен флюориттен үшінші, молибденнен төртінші, ал алтын қоры жағынан алтыншы орында. Жалпы ТМД бойынша Қазақстан қорғасын мен хром кенінің көптігі жөнінен алдыңғы орында болса, мұнай, күміс, мырыш, никель, фосфор тыңайтқыш қоры жағынан екінші, газ, көмір, алтын қоры жөнінен үшінші орында тұр. Ал оларды өндіру жағынан бірінші орындамыз. Әсіресе еліміз үшін көмір, мұнай, газ, алтын, қорғасын, мырыш, хром, марганецтің рөлі үлкен. Бұлардың қай-қайсысы да ел экономикасының тегершігі іспетті рөл атқарады. Осы шикізаттың көп бөлігі Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Ресей, Қытай және Еуроодақ елдеріне экспортқа шығарылуда. Түсетін пайда да жаман емес. Әрине мұндай шикізат тек біздің елде ғана бар десек қателескеніміз. Әсіресе осы аталмыш кендерді сыртқа экспорттау жөнінде бұған дейін алдыңғы орында Қытай тұрды. Бірақ соңғы үш-төрт жыл көлемінде аспан асты елі бұл кендерді экспорттауды қысқартты. Ал оның орнын әзірге ешкім баса қойған жоқ. Осы тұста еліміз бұл мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысқаны жөн сияқты. Қытай сирек металдарды неге шектей бастады дегенге келетін болсақ, өйткені заманауи технологияға қолжеткізген соң, барлық минералды шикізаттарды өз жерінде қайта өңдеуді қолға алды. Сосын барып оны өнім ретінде экспорттау ұшан-теңіз пайда әкелетінін білді. Бар гәп осында.

Әрине Қазақстан сирек металдар (цирконий, гафний, кадмий, индий, вольфрам, таллий, селен, теллур, бериллий, тантал, ниобий, ванадий, галлий, скандий, рений, осмий, молибден) қорына бай болғанымен оны100 пайыз өңдеп, өнім ретінде ұсынуға қол жеткізе алған жоқ. Қайтпек керек? Ол үшін, әрине озық технологиясы бар елдермен бірлесе жұмыс істеу, біріккен кәсіпорындар құру керек-ақ. Осы жерде тағы бір еске сала кететін жайт, елімізде рений, галлий, осмий-187 секілді өзге мемлекеттерде жоқ сирек металдар бар. Сондай-ақ оларды өндіретін әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі һәм бірегейі бізбіз.Әлемдік нарықта рений мен галлийдің бағасы өте жоғары.

Ал осмий-187 әлемдегі ең қымбат металл болып саналады. 1 грамы әлемдік нарықта 200 000 доллар. Бұл тек Жезқазған кен орындарынан ғана алынады. Тіпті кейбір мамандар 1 грамы 10миллион доллар болатын Калифорний-252 металыда Қазақстанда кездесуі мүмкін дегенді айтады.

 

Ол үшін әрине тау-кен барлау саласын жандандыруқажет-ақ. Әрине бұл сирек кездесетін металдарды өндіру елімізде біршама жақсы жолға қойылған. Бірақ көбіне көп олардың жұмысы құпия болып келеді.Содан болар нақты дерек ала қою қиынның қиыны. Әрине бұл жеке әңгіме. Айтқымыз келгені тек мұнай мен газға ғана арқа сүйеп отыра бермей, осындай сирек металдарды өндіруді, олардан өнім алып сыртқа экспорттауды бірізділеу керек. Өйткені қара алтынның бағасы құлап, одан түсетін пайда азайған тұста, сирек металдарды саудалау тиімді. Қазынаға түсетін миллиардтаған доллар осылардан түсері анық. Сирек металдар өніміне сұраныс қазір өте жоғары екені белгілі. Өйткені бұл өнімдер аса жоғарғы технологияда, яғни ядролық энергетикада, ғарыштық, авиациялық техникада, қазіргі заманғы байланыс құралдарында, лазерлік техникаларда, композициялық материалдарға аса қажет. ХХІ ғасыр жоғарғы технология заманы дейтін болсақ, онда еліміздегі сирек металдарды өндіріп, өңдеп саудаға салатын кезтуды деп ұққан жөн сияқты.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ