Қазақстанды мұнай емес ауыл асырайтын болады…

Агросаясатымыз жүйелі болса дағдарысқа дес бермек едік.

2019 жыл басталмай жатып-ақ халықаралық сарапшылар әлемдік экономиканың әлеуеті жайлы аса жағымды болжамдар айта қойған жоқ. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, 2019 жыл алпауыт елдердің қор биржаларында құлдырау орын алып, ірі-ірі компаниялардың акцияларының құны түсіп, сатылым көлемі төмендейді. Сондай-ақ әлемдік нарықта қара алтынның бағасы, құнды металдардың құны да арзандай бастайды. Ал мұның соңы ғаламдық қаржылық дағдарысының тағы бір айналып соғуына ықпал етеді.

Негізінен, экономист сарапшылар болжам жасап отырғандай әлемдік нарықта мұнайдың бағасы енді бұрынғыдай бола қоюуы екі талай. Сарапшылар ендігі уақытта мұнай бағасы тіпті 30 долларға дейін түсіп кетуі мүмкін екенін алға тартуда.

«Нарықтағы мұнай көлемінің шамадан тыс өсуі, дамыған және дамушы елдердің шикі мұнайды мөлшерден артық экспорттауы болашақта мұнайдың өзіндік құнын түсіреді. Бұған қоса 2016-2017 жылдары ірілі-ұсақты мұнай кеніштері жаңадан ашыла бастағаны белгілі. Мысалы, Қазақстанның өзі 2016-2017 жылдар аралығында ірі Қашаған мұнай кенішін ашты. Өзге елдер де осындай ірілі-ұсақты мұнай кеніштерін ашатын болады. Ал бұдан барып нарықтағы мұнайдың көлемі одан әрі арта түседі. Сондықтан бұл арада «мұнайдың бағамы келешекте 30 доллардың көлемінде болып қалады» деген болжамда негіз бар. Бұдан соң қазір нанотехнологияның дамыған заманы. Мұнайдың орнын алмастыратын заттар да көбейді. Қазір дамыған әлем елдерінің басым бөлігі көмір мен ағашты химиялық синтездеуден өткізіп мұнай жасауды ойластырып отыр. Тіпті осылай жұмыс жасап отырған елдер де бар. Демек келешекте мұнай бағамының төмендеуіне негіз бар. Сондықтан бір ғана мұнайға байланған экономика құрудың дұрыс еместігіне ендігі көзіміз жеткіздік. Демек, біз үшін қазірде маңыздысы инновацияға бет бұру. Отандық өнім өндіру саласына ден қою. Қазақстанның өзін-өзі қамтитын деңгейін артту маңызды болмақ»,-дейді «Барометр» талдау орталығының экономист-сарапшысы Марал Төртенова.

Жалпы, мамандардың байыптауынша, болашақта АҚШ, Қытай тәрізді алпауыт елдердің өзі мұнай бағасын түсіруге ықыласты болады. Себебі, ғылымы дамыған елдердің дені мұнайдан күнделікті тұтынатын заттардың барлығын алып жатыр. Киім-кешектен бастап, кір жуатын сабын, жазатын үстеліміз, қолданатын қаламсабымызға дейін бірқатар елдер мұнайды химиялық синтездеу арқылы алады. «Жасанды талшықтар түгелдей дерлік мұнайдан алынатындықтан келешекте шикі мұнайы өтімді болуы үшін Қытай мен АҚШ-тың өзі мұнай бағасын түсіруге барын салады» деді мамандар.

Сондықтан сарапшылардың ойынша, біз үшін шикі мұнайды сата бергеннен гөрі, мұнайға байланған экономикалық жағдайдан біртіндеп арылу маңыздырақ. Мамандар алдағы уақытта  елдегі агро-саясатты нақтылау қажеттігін алға тартады. Олардың айтуынша, біз үшін қазір агро-секторды бәскеге қабілетті ету өте маңызды.

«Болашақта біздегі халықты ауыл асырайтын болады. Біз 1998 жылдары жекешелендіру кезінде мұны толық ұғына алмадық. Сол кезде шаруаның қолына жеке-жеке мал бердік те «өз күніңді өзің көр» дедік. Ал сол кезден бастап ауылдың бизнесті өркендету қабілетін арттырғанымызда қазіргідей абдырап қалмайтын едік. Ауылдық жерлерде шағын кластерлер жасақтау, сол кластерлер арқылы дайын өнім өндіруге дейін қол жеткізу бізді дер кезінде қызықтырмады. Алғаш жекешелендіру тұсында шаруаның қолына мал беріп тұрып, «ертең сен осы малды етке өткізесің, сол арқылы елдегі ет комбинаттарын етпен қамтамасыз етесің, олар өнім шығарады» деп бағыттағанда қазір жағдайымыз анағұрлым жақсы болар еді. Рас, елде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында бірқатар компаниялар, холдигтер құрылды. Бірақ олардың барлығы дайын өнімге дейін ең соңғы дайын өнім өндіруге дейін жұмыс істемеді. Ауылдарға арзан несие жүйесін апара алмадық. Ауылға салалық банктер бармады. Ендігі кезекте осы жайттарды шешпесек, тек астықты экспорттаудан ұтпайтынымыз белгілі. Сондықтан болашақта дағдарыстан ұтып шыққымыз келсе агросаясатты жүйелі, сауатты ету керек»,-дейді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.

Экономист-ғалым Атамұрат Шәменовтың пайымдауынша, әсіресе аграрлық сала бойынша жұмыспен қамту, территориялардың экономикалық-әлеуметтік дамуы маңызды. Бұл ретте маман «біз болашақта  шетелге шикізат емес, тауар шығаруымыз керек. Тым болмаса жартылай дайын өнім, мысалы ұн, ең дұрысы нан өнімдері, макарон тағы басқа өнімер. Шикізатқа байланған  мемлекеттің келешегі бұлыңғыр. Ұлттық экономиканы нығайтатын тек өндіріс, өнім шығару. Алыпсатарлық экономика әр уақытта импортталған тауарға тәуелді болмақ. Ал импортқа жүгіну, импорттың тасқынын көбейту бұл экономиканың әлеуетін көтеретін жол емес. Сондықтан біз үшін болашақта отандық дайын өнім өндіруді арттыру, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беру маңызды болмақ» дейді ғалым.

Қарлығаш Сайлаубаева