Ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар субсидия алынып тасталатын болды

3 желтоқсанда Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері қаралды, деп хабарлайды //tazael.kz/ ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Осы уақытқа дейін мемлекет АӨК-ті жалпы көлемі 292 млрд теңге болатын 47 субсидия түрімен қолдады, олар негізінен ауыл шаруашылығы өндірісінің табыстылығын қолдауға бағытталды. Аграрлық саланың сапалы дамуын ынталандыру мақсатында 2020 жылдан бастап АӨК-тің экспорттық әлеуетін арттыруға және импорт алмастыруға бағдарланған бірқатар тиімсіз субсидиялар алынып тасталып, орнына жаңалары енгізіледі.

Жаңашылдықтар 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың осыған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламасында қамтылған.

Субсидиялар тұқымдарға, тыңайтқыштар мен пестицидтерге бөлінеді. Сонымен қатар, аграрлық саладағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды субсидиялау енгізіледі. Өзгерістер сонымен қатар тауарлық-арнайы және инвестициялық сусбидиялар тобына қатысты болады.

“Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, агроөнеркәсіп кешенің дамыту экономиканы әртараптандырудың маңызды факторы болып табылады. Біздің алдымызға агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыру міндеті қойылған, – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы импортқа тәуелділікті азайту мақсатында ішкі өндірісті ұлғайту – ауыл шаруашылығын дамыту басымдықтарының бірі болып белгіленгенін атап өтті.

“Жоспарланған шаралардың арқасында алдағы 3-5 жыл ішінде республиканың импортқа деген тәуелділігін жойып, елімізді барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлармен толық қамтамасыз етуіміз қажет”, – деді Мамин.

Премьер-министр АӨК-тің субсидиялау бойынша берешегін жою шараларын қабылдауды тапсырды.