Авиация саласы 300 млрд теңге жоғалтайын деп отыр

Авиация саласы коронавирус салдарынан 300 млрд теңге жоғалтайын деп тұр. Саладағы мамандардың болжамы бұл. Қазір мұндағы қызметкерлер пандемияның аяқталуын тағатсыздана күтіп отыр. Елдегі автокөлік пен теміржол саласына қатысты да биылға жоспар көп болатын. Олардың орындалуына вирус кері әсерін тигізбейтін секілді. Алдағы алты жылға қатысты жоспарды министр Бейбіт Атамқұлов жеткізді.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Елдегі вирусқа байланысты жағдай баяндалып болған соң, Үкімет отырысының күн тәртібіне қойылған жалғыз мәселе ортаға салынды. Сөз алған Индустрия министрі Бейбіт Атамқұлов алдағы алты жылға арналған жоспарды жіпке тізді. Республикалық жолдардың барлығы осы уақытта жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жетеді екен. Қазір бұл меже 88 процент шамасында. Елде қазір әуе қатынасы толығымен дерлік тоқтап қалған. Саладағы мамандар келер шығынды есептеп қойыпты.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

“ҚР Азаматтық авиация саласы өкілдерінің болжамы бойынша, жалпы алғанда авиация саласындағы операциялық кірістердің төмендеуі жыл соңына дейін шамамен 300 млрд теңгені құрайды, құрауы мүмкін”.

Ақылы жолдар желісі биыл біраз кеңейеді екен. Өткен жылы 11 мың шақырым жол жөнделіп, оларға қатысты келісім-шарттар жасалыпты. Жартысы биыл іске қосылуы тиіс.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

“Бүгінгі таңда сол инвестор учаскелерін тексеріп, содан кейін ана аркалар, бақылау аркаларын орнату нүктелерін анықтады. Бүгінгі таңда жобалық-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Осы биылғы жылы 5 700 км жолға ақы алу жүйесін орнату жоспарлануда. Кейін оны пайдалануға іске қосамыз”.

Темір жолмен жүретін 600 вагон 6 жылда сатып алынбақ. Биыл оның 50-і келетін секілді. Ол үшін бюджеттік несие түрінде 20 млрд теңге қаралыпты. Бірқатар әуежай осы жылы жаңаланбақ. Осыған дейін айтылған жоспардың орындалуы Премьер орынбасары Роман Склярдың қадағалауында болуы тиіс.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

“Шымкент әуежайының жолаушылар терминалын және Түркістандағы халықаралық әуежайының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Өскемен, Үшарал және Үржар қалаларына әуежайларды қайта құру жұмыстары бітеді”.

Баяндамаларға қарағанда алты жылда көлік қатынасы саласы қарық болмақ. Іс жүзінде қалай болар екен. Әдеттегідей уақыт көрсетеді дейміз.