Біліксіз Үкімет елдің соры

Дәл  қазір әлем үлкен  өзгерістердің алдында  тұр. Өйткені  жаһан экономикасының тегершігіне айналған  мұнай  бағасының  бір айдың  көлемінде  66  пайызға  дейін  құлдырауымен,  жер шарын  «үй  қамаққа» айналдырған (4 млрд адам  оқшауланған)  Коронавирус індетінің алдында адам баласының шарасыздық  танытуы, алда шешуі қиын  көп  мәселе тұрғанын аңғартады.

Ақиқатын айтсақ, әлемді  қайта бөліске салуға  жәнеде  қаржы  нарығын бір уысқа жинақтауға ұмтылған алпауыт  елдер арасындағы   саяси  ойын. Кенеттен  мұнай  бағамының  төмендеуімен қысқа уақытта  жер-жаһанға үрей төндірген  індеттің  бар жауабы  осы.  Бұл індеттің өзге індеттерден өзгешелігі әлем экономикасына  тарихта  болмаған  соққы  жасады. Америкалық JP Morgan атындағы банктің сарапшылары биыл әлемдік Жалпы ішкі  өнімнің  өсімі 1,1 пайызға  қысқарады  дегенді айтады. Ал, 1  тоқсанның  қортындысы  бойынша  Қытай  эконмикасы 41 пайызға  кеміген. Мұндай төмендеуді биылғы жылдың екінші   тоқсанында АҚШ пен Еуродақ  бастан кешпек. Қаңтар, наурыз айында әлемдік өнеркәсіп 10  пайызға  дейін кеміп кеткен. Үндістан, Франция, Италия, Германия, Ұлыбритания  және  т.б елдердің өндіріс саласы  толықтай  тоқтады  деуге  болады. Демек, жаһан  экономикасы қиын жағдайда қалды десек  артық айтпағанымыз. Дегенмен жақында АҚШ қиындыққа кез  болған,  ел  экономикасын тығырықтан  шығару  үшін 2 триллион доллар  бөлді. Алдағы уақытта мұндай  ірі қаржы тағыда бөлінуге  тиіс. Демек Ақ  үй өзінің әбжілдігін танытты. Әлем көп  полярлы  болмағанын, бүкіл қаржы  көздері  өздерінің қолында  (әлемдегі  мемлекеттердің  60 пайызға  жуығы әлі де доллармен жұмыс істейді)  болуын  қалайтыны аңғарылып  қалды. Биыл жаһандық  саясатпен экономикада һәм қаржы  саласында  болатын   үлкен өзгерістердің  көшбасшысы өзі  болатынын АҚШ  осылай  сездірді.  Әлем экономикасы осындай күйзеліске  ұшырап жатқанда еліміздегі  жағдай  қандай? Мамин басқарған Үкімет не істеп жатыр? Қандай іс-шаралар қолға алынуда? Дағдарысты  жағдайдан  құтқаратын  қандай бағдарламалар  жасап, ұсынды? Бұл бір.  Екіншіден  дәл  қазіргі кезде Ұлттық  банк қаржылық  саясатқа өзгерістер енгізе алды  ма? Әсіресе жаппай  тоқтап  қалған шағын және  орта  бизнесті  қорғап, қолдау үшін  несие ставкасын (17-18% -дан  6% дейін) төмендетті ме? Байқаймын,  әзірге ештеңе шешілмеген  сияқты. Қысқасы, Үкімет  дағдарысты кезеңге  әзір  ме?   Жоқ па? Әлде, өздерінің  біліксіздігін елді  жайлаған  індетпен, мұнай бағасына аудара  салып,  тыпиып отыра  бермек пе?

Құрметпен Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы