Доллар өскен сайын ипотекалық несиені жеңілдетіп отыру керек

Қазір елдегі көк қағаздың құны 377 теңгеден айналып тұр. Мамандардың пайымдауынша, бұл көрсеткіш алдағы уақытта өспесе, кемімейді. Осылайша доллар «дөңгелеп», шарықтап өсіп барады. Ал бізде халыққа ең қажетті деген баспана бағасы да  доллардың соңына ілесіп өсе түсуде. Құрылыс саласының мамандары биылғы жылы елдегі баспана бағасы тағы да қымбаттайтынын алға тартты. 2019 жыл бастала салысымен осы салада жүрген сарапшылар АҚШ долларының өсуіне байланысты Ресейден, Қытайдан тағы басқа елдерде әкелінетін импорт құрылыс заттарының да бағасы қымбаттағанын осыған орай алдағы уақытта шаршы метрі арзан тұрғын үйлердің тапшы болатынын ашып айтты. «Қазақстан құрылысшылар одағының» атқарушы директоры Азамат Қарлығашевтің айтуынша, барлық құрылысқа қажетті материалдар шетелден әкелінсе, баспана бағасы да өсе береді.

«Арматура , бетон, кірпіш, травертин тәрізді материалдары шеттен әкелеміз. Бұл заттар АҚШ доллары қымбаттаған сайын қоса қымбаттап жатыр. Сондықтан үйді салатын материал қымбат болғаннан кейін үйдің өзі де қымбат болатыны даусыз»,-деді Азамат Қарлығашев.

Маманның пайымдауынша, 2020 жылға дейін Қазақстандағы баспана бағасы 10 пайызға өсуі мүмкін. Ал статистика комитетінің есебінше, өткен жылы баспана бағасының өсімі 5 пайыздан асқан. Екінші қайтара сатылған пәтерлердің бағасының  өсімі 7,5 пайызды құраған.

Қалай десек те, қазір Қазақстанда қарапайым халықтың қолы жетімді пәтер тапшы. Қолы жеткен қарапайым халық пәтерді көбіне несиеге алады. Осыған байланысты экономист сарапшылар, «доллар өскен сайын банктерден ипотекалық несиені жеңілдетуді талап ету керек» деп отыр. Бұл ретте мамандар «Ұлттық банк  пен Үкімет еліміздегі ипотекалық несиелендіру саласындағы мәселелерді шешуге екінші деңгейлі банктерге  үнемі  қосымша қаржы бөліп отырады. Міне, сол бөлінген қосымша қаржы  бірінші кезекте ипотекалық несиелердің қызмет көрсету талаптарын жеңілдетуге бағытталғаны жөн»  деп отыр.
«Доллар қымбаттағы бері  елдегі ипотека нарығы айтарлықтай зардап шекті. Неше жыл қатарынан доллар қымбаттап келеді. Тұрғын үй бағасы доллармен есептелетіндіктен біздегі үй бағасы да қоса қымбаттады. Ал ипотекасын доллар арқылы рәсімдеген халықтың да банктердің алдында борышы өсті. Тіпті борышының бағасы өсіп кеткендіктен халықтың біразы наразылық та білдіруде.Осылайша көк қағаздың ырыққа көнбей еркін айналымға кетуі елдегі онсызда тынысы тарылып тұрған ипотека нарығын одан әрі дағдартып тұр. Бұл жерде біздің «онсызда тынысы тарылып» деп отырғанымыздың себебі: елдегі біраз банктер өткен жылдың күзінде ипотекаға баспана беруді өздеріндегі активтік қордың аздығына байланысты уақытша тоқтатқан еді. Енді биылдан бастап сол тоқтатылған ипотекалық рәсімдеу жалғасын табады деп үміттенгенбіз. Бірақ доллардың қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі төңірегіндегі дақпырт елде әлі де өршіп тұр. Қазір банктердің ипотекалық рәсімдеуді тіптен қиындатып жібергені бұл саладағы сұраныс пен ұсыныстың деңгейін тым төмендетіп, талай баспанасыз қазақтың ипотекамен баспана алуға деген үміті құмға сіңгендей болды. Сондықтан біз үшін болашақта ипотекалық несие беру талаптарын жеңілдету керек. Бұл ипотека нарығына дем береді. Ипотеканың тоқтамауына мүмкіндік ашу керек. Егер болашақта ипотека нарығы дағдарса онда құрылыс саласы да тоқтайды. Құрылыс саласы тоқтаса онда бюджетке түсетін түсім де азаяды. Сондықтан доллар өскен сайын ипотка нарығына жеңілдіктер енгізіп отырған жөн»,-дейді «Барометр» талдау орталығының қаржыгері Арман Мусин.
Маманның пайымадауынша,  қазірде елдегі ипотека саласына қозғалыс керек.

«Теңгемен ипотека рәсімдеуді қазір кейбір банктер мүлдем тоқтатты. Өйткені бір банк  теңгемен ұзақ мерзімге ипотекалық несие берді делік. Егер күтпеген жерден теңге девальвацияға ұшырай қалса, сөз жоқ, әлгі банк мұның зардабын тартады. Ал енді доллармен халыққа несие ұсыну тіптен тиімсіз болып отыр. Сондықтан бүгін-ертең немесе таяу уақытта ипотекалық несие нарығында оңды «қозғалыс» болуы керек. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп жұмыс істеп ипотекалық жүйені қайтадан сауатты қалыптастыру керек. Сауатты жүйелей алмаса ипотекадан өрт шығатынын ұмытпау керек. 2007 жылғы АҚШ-тан бастау алған ипотекалық дағдарыстың салқынын қалайша ұмытуға болады. Қазір қай аймаққа барсаңыз да үйсіз-күйсіз, тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындарды байқайсыз. Себебі Қазақстанда жыл сайын бар болғаны алты, жеті миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Ал бұл – халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыра алмауда. Сондықтан сұранысты қанағаттандыру үшін Үкімет жыл сайын салынатын үйдің ауқымын 10 – 12 миллион шаршы метрге жеткізуі керек. Сондай-ақ ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерін анағұрлым төмендету өзекті болып отыр», -дейді Арман Мусин.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың пайымынша, расымен де бұл салаға серпіліс қажет. Бұл ретте маман «егер ұзақмерзімдік ипотека беру тоқтатылған жағдайда тұрғын үйлерді сатып алу көрсеткіші де күрт бәсеңдейді. Бұл – елімізде көпқабатты тұрғын үй салу тұралайды деген сөз. Ал мұнымен бірге экономикамызға үлкен серпін әкеліп отырған құрылыс саласы да құлдырап кетпек. Демек бұл мәселенің шешімін табуға Үкімет өзі ықыласты болуы тиіс» дейді.

Жалпы, ипотека ұғымы біздің қоғамға сіңісе бастағалы сол 5 млн қауым баспаналы болудан үміттеніп қалып еді. Бірақ дамыған елдерде ипотеканың сыйақы мөлшерлемесі 2-4 пайыздан аспаса, қазақстандық банктер ипотекалық несиені кем дегенде 11-14 пайызбен береді. Оған тағы қызмет пайызы мен комиссияларды қосыңыз, сонда жылдық пайыз мөлшерлемесі 20-дан да асып жығылады. Ол аздай бізде қарызы уақытылы төленбегендерге үйінен айрылып қалу қаупі тағы бар. Сондықтан осы мәселеге қатысты мамандар «Үкімет қандай дағдарыста болса да екінші деңгейлі банктерді қолдай алды. Енді Үкімет «екінші деңгейлі банктер ипотекалық несиенің пайыздық ставкасын төмендетуі тиіс» деген талап та қоя білуі керек. Ал бұл тіптен мүмкін болмаса «Тұрғын үй құрылыс жинақ» арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік баспана беру бағдарламаларының капиталын Үкімет тағы екі есеге көбейтуі керек. Халықтың баспанамен қамтылу үміті жойылмасын десек, Тұрғын үй нарығына осылайша қозғалыс енгізу керек»,- дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Қарлығаш Зарыққанқызы