Елдегі жағдай нарық заңына мүлдем кереғар

Алматы мемлекет бюджетінің бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр деген Үкіметтің бояуы қалың мәліметінің беті ашылып қалды.Баспасөз беттерінде Астанада да бизнес субьектілері санының азайып  қалғанын  айтып жатыр.  Алматы әкімдігі экономиканы басқару және бюджетті жоспарлау басқармасының жетекшісі Ілияс Өсеров осы жазда журналистермен кездескен  кезде қаладағы бизнес субьектілерінің басым көпшілігі жабылып жатыр деген мәліметті растады.  Оның айтуынша, әзірге бәсекеге төтеп бергендері ғана қалып, тек тіркеліп қойып, санды көбейтіп жүргендердің басым көпшілігі бизнестерін жабуға мәжбүр болған.

Ілияс Өсеровтың айтуынша,  Алматының бизнес климатына бұл жағдайдың әсерін тигізбегенін тілге тиек етті.

Керісінше, 2018 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ШОБ өнімдері 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға өсті дейді.

Экономист Мағбат Спанов Алматы, Астана, Ақтау мен Атырау қалаларын әзірге донорлар дейді. Оның өзінде тек Алматы мен Астанада бизнес субьектілерінің көптігі мен Атырау мен Ақтауда мұнай өндірісінің болғандығынан ғана. «Үкімет дотацияға онша тәуелді емес аймақтарға Алматы облысы мен Қарағандыны жатқызады. Өйткені Алматы облысының экономикасын Хоргос бекеті, Қарағандыны географиялық жағынан Астанаға жақындығы көтеріп тұр.

«Бұл жерлердегі бизнестегі белсенділік Алматы мен Астанаға байланысты», – дейді Мағбат Спанов.

Экономистер бұл – алдағы бірер жылда үкіметті шындап ойландыруы тиіс фактор екенін айтып жатыр. 2017 жылдың қортындысы  Ұлттық қорды қоспағанда 4 қала – ел бюджетінің доноры екенін көрсетті.  Осы себепті мамандар, бюджеттің орталықтандырудың кесірінен донор аймақтардың қатары азайғанын айтып отыр.

Экономист Әсет Наурызбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында  елдегі жағдай нарық заңына мүлдем кереғар екенін айтыпты. Бюджет төменнен емес, жоғарыда бекітіледі. Бұл фактор аймақтарды ынталандыруды тежеп, орталық пен аймақ арасындағы тізбекте пайда көріп қалатын шенеуніктердің санын еселеп өсіреді екен. « Бұл дамығандық емес, унитарлы мемлекеттің шарты немесе құрылымы. Жергілікті әкімдердің өкілеттілігін арттыру керек», – дейді Әсет Наурызбаев.

Егер, федералды мемлекеттік құрылым болса, әкімдердің өкілеттілігі ұзарады. Аудандық немесе ауылдық деңгейдегі әкімдердің ынталандыруды күшейтеді екен.

Ал біздің жағдайымызда мұның бәрі керісінше болып жатыр.

«Бізде бюджет орталықтан әкімдердің ықпалына, бірінші басшыға жаққандығына байланысты бөлінеді. Әкімдер өздері басқарып отырған аймақтардың нақты қажеттіліктері бойынша есептелген қаражатты сұрамайды, қайткенде орталықтан ақшаның көбірек бөліп алуды көздейді.

Бұл күресте реформатор әкімнің емес, бірінші басшы алдында сүйкімі бар әкімдердің жолы болады. Орталықтан бөлінген бюджет әкімдердің жағдайын жақсартып, кейбірінің беделін одан сайын көтереді, – дейді Әсет Наурызбаев.

Біздің ел мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау жағынан кенде емес. Бірақ «Соның қаншасы орындалды немесе бағдарламалар арасында сабақтастық бар ма?» деген сауалға келгенде күрмеліп қаламыз.  Сарапшылар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы  үшін кемінде 5-7 пайыздық өсім керек екенін айтады.

Экономист Мағбат Спанов , сауатты және біздің реалды өміріміздің шеңберіне лайықтаған бағдарламалардың жоқтығынан ІЖӨ 2-2,5 пайыздың айналасында қалыпты.  «Үкімет экономикалық ашығу дегеннің не екенін білмейді. Қымбат мұнай дәуірінің елесінен әлі шыға алмай жүр.

Мұнай заманы қайта оралады деп үміттенеді», – дейді Мағбат Спанов.

Аймақтардың өзін өзі асыруы керек. Солай болуы тиіс екені бәрімізге белгілі. Бірақ “қалай-қайтіп? ” деген сұраққа жауап жоқ.

Саясаттанушы Замир Қаражанов Қазақстанда таңдаулы төрттіктен өзге аймақтардың донорлық деңгейге көтеріле алмауы экономикалық саясат үшін жақсы емес дейді.

Замир Қаражанов орталықтан алыс орналасқан аймақтардың инвестициялық климаты тартымсыз деген пікірге сенбейтінін айтады. Зауыты, кәсіпорындары бар шағын қалалардың біразының атауларының инвестициялық картадан түсіп қалуына КСРО-ның күйреуі себеп болған.

Сол уақыттан бері бұл аймақтарды Үкімет ұмытты деуге болады.

« Дағдарыстан ес жиған және кәсіпорындарының табысты жұмыс істей бастағалы Кентау қала үлгісіндегі елді мекенге айналды. Қазақстанның кәсіпорындарында жұмыс істеп тұрған трансформаторлардың 90 пайызы қазір Кентауда жасалады, – дейді ол.

Қазір бұл мәселені біз ғана бастан кешіп жатқан жоқпыз.  Көршіміз Ресейде де донор аймақтар көтеретін жүктің ауыртпалығы еселеніп кеткен. “tsargrad.ru” порталы мамыр айының 18 күні көршіміз Ресей Федерациясында тек үш аймақ қана донор, қалғандары – реципиент деп жазды. Аймақтың дамуы біркелкі емес және экономиканы әртараптандыру бағытымен сәйкес келе бермейді екен. Бұл мәселені шешпек болған Үкіметтің талпынысы жағдайды тіптен қиындатып жіберіпті. 2018 жылдың қаңтар айында “Реальное время” порталы көрші елде салықты тек 3 аймақ қамтамасыз етіп отырғанын қайталап жазыпты. Қалған 72 аймақ реципиенттер қатарына қосылған.  2016 жылы олардың саны 60 болатын. Демек, донор аймақтар көтеретін жүктің ауыртпалығы еселеніп кеткен.

Біздің елде донор аймақтардың жағдайы 2017 жылдан сыр бере бастады.

Саясаттанушы,  публицист Артур Нығмет “Ұлт TIMES” республикалық қоғамдық-саяси апталығының 2012 жылы 12 шілдеде жарияланған сараптамалық мақаласында кез-келген мемлекеттің табысты дамуы – аймақтық саясаттың тиімділігіне тәуелді деп жазды.  Себебі аймақтарды дамыту билікті орталықсыздандырып, жергілікті өзін-өзі басқару институттары мен өзге де демократиялық институттардың нығаюын көздейді.  Бірақ біздің елімізде саяси бостандықты күнделікті қажеттілік ретінде пайдаланарлықтай тұрғылықты халықтың саяси мәдениеті жете ме, оған икемі бар ма, қазіргі билік әлі күнге анықтай алар емес.

«Қазіргі таңда көптеген шетелдік мемлекеттерде орталықтан басқару әдісі әлсіреп, биліктің аймақтарға бөлінуі белең алды. Өңірлік дамудың тиімді тетігі ретінде “орталық – аймақ” қатынасын басшылыққа алуға болады. Бұл қатынас аймақтық саясаттың ерек қасиеттерін қалыптастырып, басқарудың өзге де тәсілдері мен құралдарын қарастыруға мүмкіндік береді, – дейді с.

Экономист-қаржыгер Бейсенбек Зиябеков донор, реципиент өңірлер КСРО кезінде де болғанын айтады.  Бірақ ол кезде әрбір колхоз-совхоз жыл соңында жылдық табысының белгілі бір пайызын орталыққа жарна ретінде аударатын. Ол қаржы дотациялық өңірлердің шығынын жабатын.

« Бұл тәсіл ескірді. Көршіміз Ресейде 2016 жылдан бері донор және реципиент аймақтардың табысы мемлекеттік деңгейде жан-жақты талдана бастады. Реципиент аймақтарды донор аймақ дәрежесіне көтерудің барлық мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Бұрын ішімдік түрлеріне салынатын салықтың 60 пайызы федералды бюджетке, 40 пайызы аймақтарға бөлінетін. 2017 жылдан бастап федералды бюджетке бөлінетін үлес 10 пайызға төмендеді. Сондай-ақ реципиент аймақтардың донор аймаққа көтерілу тетіктері ретінде шағын және орта бизнесті (ШОБ) салықтан босату мүмкіндіктері айтылып жатыр. Осылай, РФ 2025 жылға дейін донор аймақтардың санын 12-ден 20-ға дейін көбейтуге жан-жақты кірісті, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Рауан Ілиясов, саясаттанушы