Фастфудтың жалына шетелдіктер жармаса бастады, қамсыз жатқан тек біз ғана

Сарапшылардың пікірінше, 2017 жылы  фастфуд немесе жылдам дайындалатын дәмхана нарығы жыл сайын 5-10 пайызға артқан. Бірақ соған қарамастан, бизнестің бұл түрі жастар үшін өте қымбат. «McDonalds» Казахстан» тобы Бас директоры міндетін атқарушы Айбек Кәрібжанов апта басында журналистермен кездескен кезде  бизнестің бұл түрінде жылдамдық пен сапаға басты назар аударылатынын  айтады. Себебі мұнда келетін жастардың саны да жыл сайын 15-20 пайызға артып келеді. Әсіресе, соңғы екі жылда,   «McDonalds» қазақ нарығында пайда болғалы бері бәсекелестік артып, шыдай алмағандары жабылып қалған.

Айбек Кәрібжановтың мәліметінше, «McDonalds»  нарықтың 15-16 пайызын,  KFC-тың үлесі – 35 пайыз, Burger King – 25-30 пайыздық үлесті ұстап отыр.Бизнестің бұл түрінің жастарға өте қымбат екенін айтқан  Айбек Кәрібжанов оның себебін де түсіндіріп кетті. Фастфуд нарығына қаржы салған инвестор оның қайтарымын 7-8 жылда алады. Егер, жұмыс кестесі дұрыс үйлестірілсе, орналасқан жері сәтті болса, оның мерзімі 2 немесе 3 жылға қысқаруы мүмкін.  «McDonalds нүктелерді қаржыландыруды бастап жіберіпті. Мұны нарық тілінде инвестициялық фаза деп атайды екен. Оның кезеңі,     Айбек Кәрібжановтың айтуынша екі немесе үш жылға созылады. Содан кейін барып пайда көзіне жұмыс істей бастайды екен.

Сарапшылар болса, фастфуд немесе жылдам дайындалатын дәмхана нарығы өнімдерінің  орташа бағасы 7 АҚШ доллары екенін айтады. Бұл қазақстандықтардың сатып алу мүмкіндігімен салыстырғанда өте қымбат. Себебі бізде еттен бастап қағаз майлықтарға дейін сырттан әкелінеді.  Бұл өнім бағасына әсер етеді.  Салыстыра кету үшін айтсақ, тағамның бір порциясы АҚШ-та 3-5 доллардың айналасында.

Burger King  компаниясының франшизі Самир Нашело фастфуд тағам түрлерін қазақстандықтардың неге қымбатқа сатып алатынын түсіндіріп өтті. Бар кедергі біздің ет-жеміс өнімдерінің халықаралық талапқа сай келмейтіні. Сондықтан, оған қажетті өнім түрлері Ресей арқылы Бразилиядан тасымалданады екен.  Қазақстанның логистикасы да бағаның қымбаттауына септігін тигізіп отыр. Елді мекендердің арасы шалғай және халық тығыз қоныстанбаған.   «Қазақстанда инфрақұрылым нашар дамыған. Қыс ауасында өнімдерді жеткізу өте қиын. Бұл тағам түрлерінің кемінде 25 пайызға қымбаттауына себеп болады. Оның үстінде Қазақстанда жанар-жағар май бағасы тұрақсыз. Бұл тариф және баға саясатын қайта –қайта қарауға мәжбүрлейді », – дейді Самир Нашело.

Фастфуд нарығының капиталы  2017 500 млн АҚШ долларына бағаланыпты. 2012 жылдан бері жыл сайынғы өсім 10-15 пайызға артып келеді. Егер осы қарқын сақталса,  алдағы бірер жылда оның капиталы 1 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Самир Нашело бүкіл әлем бойынша, нарықтың бұл сегменті дәмханалар индустриясының  60 пайызын  қамтып отыр екен.

Алматыдағы KFC-тің нарықты зерттеу-сараптама бөлімінің  менеджері Алиша Гусман нарықтың қазақстандық сегментінің тынысын ашатын түйіндердің тарқатылмай отырғанын айтады. Мысалы, Қазақстанның ет-жеміс халықаралық деңгейдегі сауда желілері емес, қара базарларға негізделгенін айтады. «Өнімдерді шет елден импорттау бізге де қымбат. Біз де өнімдеріміздің бағасының қол жетімді болғанын қалаймыз. Біз сөйлескен өнім өндірушілер сапа сертификатын ұсына алмайды. Алматыдағы ең ірі желілер үшін басты талап сапаның тұрақты болуы, өнімні дер кезінде жеткізілуі. Ал қазақстандықтарда ондай мүмкіндік жоқ» , – дейді    Алиша Гусман.

Фастфуд компанияларына    тек іріліндіруген шаруашылықтар керек. Бірақ елдегі ірі –қараның  тек 10 пайызын ғана ұстап отырған олардың қажеттілікті жылдың  4 мезгілінде тауып беруі мүмкін емес.  «Біз ұсақ шаруашылықтармен келісім-шартқа отыруға тырыстық. Олар айына тек 90 тонна ет өнімдерін өткізе алады. Бұл 10 мың бутербродттың котлетіне ғана жетеді. Бізде котлеттің тек бір түрі ғана дайындалмайтынын білесіздер. Тұтынушыларымыздың 90 пайызы жастар болғандықтан,   тағам түрлеріне өзгерістер енгізіп отыруға тырысамыз. Қазақстандық өнім өндірушілер өнімді қажет кезде жеткізіп бере алмайды. Нарықтың бұл сегментінде әрбір күн  сенің үлесіңді шешеді» –  дейді  Алиша Гусман.

Түрік кәсіпкері Ахмет Елгерен фастфуд нарығын тізгіндеп отырған   қазақстандық әріптестерінің  пікірімен келіспейтінін, тағамның бұл түрін  елдің мүмкіндігіне қарай бейімдеп алудың кезі келгенін айтады.  Burger King   өнімдері түрік нарығына кірген кезде кәсіпкерлер осындай жағдайды бастан кешкен. Батыстық өнім   түрлерінің лоббистері ішкі нарықтағы үлесін арттыру және монополияндыру үшін сантүрлі тетіктерді іске қосқан. Оның пайымдауынша, отандық өнімдер емес, Бразилияның мұздатқыш камераларында жарты ғасырдан бері қатып жатқан ет өнімдерін арзан бағаға сатып әкеліп, оларға дәмдеуіш қосып, нарыққа шығарған әлдеқайда тиімді. «Түркияда да осы кезеңнен өтті. Содан кейін нарықты өз жағдайына бейімдеді. Түркияда мал еті қымбат болғандықтан, тауық етін араластыруға тура келді. Бірақ одан  түрік донерінің бәсі түсіп қалған жоқ. Түрік донері, түрік айраны қазір сіздің елдеде танымал. Қазақстанда донер тағамында мал еті қолданады. Біз оны жергілікті кәсіпкерлерден сатып аламыз », – дейді түрік кәсіпкері.

Ахмет Елгерен қазақстандықтарға бұл нарықты жаулап алудың жүз түрлі мүмкіндігі бар екенін айтады. Мысалы, құрамы күмәнді котлеттердің орнын қазақтың қазы мен шұжығымен алмастыруға және онымен бірге қымызды ұсынуға болады екен.  «Алып компаниялардың өзі бір есіктен басталған. Қазір қазы, жал жаясы бар фастфуд өнімдері ішкі нарық үшін бос. Сол себепті бизнесін бастаймын дегендерге мүмкіндік мол. Қазір түрік кәсіпкерлері осы мүмкіндікті зерттей бастады. Нәтиже – оң. Алдағы күз –жал айларында түрік донеріне қоса, қазақтың қазысы,  жаясы қосылған ерекше тағам түрлері нарыққа шығуы мүмкін. Көк-өніспен қамтуда кедергі жоқ. Тағамға пайдаланатын көкністің бәрін Қазақстанда өсіруге болады», – дейді  Ахмет Елгерен.

Жиын барысында фастфуд  нарығындағы қазақстандықтардың үлесі енді 15 пайызға жеткені айтылды. Оның өзі мазмұны – қазақстандық, сипаты шетелдік екені белгілі. Түрік кәсіпкерлері қазақтың қазысымен ішкі нарыққа шығуды ойласа, алыстағы татар ағайындар да ұлттық  менталитетіне бейімдеп алған фастфудын бізге әкелуге қам жасап жатқан көрінеді.Қамсыз жатқан тек біз ғана.

Гүлбаршын Сабаева