Халыққа атаулы көмек ұсынуды министрліктен бөлек, әлеуметтік қордың еншісіне беру керек

Халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын «Goldman Sachs» банкінің сарапшылары Қазақстан өзін дамыған елдердің санатына қосу үшін қазіргі әлеуметіне көрсетіп отырған атаулы әлеуметтік көмек түрін 5 есеге арттыруы керек. Біздің қазіргі  кедейшілік шегі ретінде есептеліп, тұрмысы төмен адамдарға берілетін әлеуметтік көмегіміздің құны 16, 142 теңге (!). Бұл елдегі ең төменгі күн көріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. Осы әлеуметтік көмектің көлеміөте аз екенін, елдегі тұрмысы төмен отбасылардың «жыртығын да жамауға жетпейтінін алға тартқан мамандар бұл ретте бізге жаңа бағыттарды ұстану керектігін алға тартты.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік төлемдер мәселесіне келгенде «қолұшын бер» деп тек мемлекетке ғана телміріп отыру дұрыс емес. Бұл ретте қосымша мемлекеттік-әлеуметтік-қоғамдық қорлар құрылғаны дұрыс.

Бұған қатысты экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов «Тұрмысы төмен халықтың әлеуетін көтеруге қатысты дүниежүзінде көптеген тәжірибелер бар. Мысалы, Сингапур елінде тұрмысы төмен отбасыларды әлеуемттік қорлар арқылы бизнеске тарту жақсы жолға қойылған. Бұл елде жағдайы төмен отбасы сол қорларға барып тіркеледі.  Ол қор жаңағы отбасын қамқорлығына алып жұмыспен қамтуға, баласын оқытуға, тіпті микронесиемен қамтуға да жағдай жасайды. Осы тәрізді әлеуметтік-қоғамдық қорлар біздің елімізде де құрылуы қажет. Біздегі түрлі шағын несие ұйымдары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға несие беру жағын мүлде ойға да алмайды. Ал Малайзия, Финлияндия, Германия тәрізді елдерде 1 % үстемақымен жағдайы төмен отбасыларға көпжылдық несие беру жүйесі қалыптасқан»,-деді Жұмаділда Баяхметов.

Маманның айтуынша, тұрмысы төмен адамға аз пайызбен несие беру оларға үлкен мүмкіндік ашар еді. «Қолына қаражат тигеннен кейін олар белгілі бір кәсіппен шұғылдануы  да мүмкін» дейді ол.

Жұмаділда Баяхметовтың пайымдауынша, бірқатар дамыған елдерде жағдайы төмен, мемлекеттік бақылауда тұрған отбасыларға бірнеше мәрте көмек беріледі. Мысалы, Үндістанда даму деңгейі төмен аймақта тұрған әлеуметтік жағдайы жоқ халыққа әлеуметтік қор тарапынан бір жәрдемақы, жергілікті әкімдік тарапынан бір жәрдемақы, орталық бюджеттен бөлек жәрдемақы бөлінеді. Ең қызығы, даму деңгейі төмен аймақта тұрғаны үшін тағы бөлек жәрлемақы алады. Ал бізде дамуы артта қалған қаншама елде халық тұрып жатыр. Тіпті біз радиациялық аймақ саналатын Семей полигон аймағында, Арал өңірінде тұратын адамдарға, Азғыр полигон аймағында тұратындарға мардымсыз айтуға да келмейтін қаржы төлеп отырмыз. «Сондықтан бұл арада үкіметке ғана бағынатын әлеуметтік қор құрып, кедейшілікті сол арқылы қаржыландыру тиімді деп ойлаймын. Тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамту, арзан несиемен қаматамасыз ету, жұмысқа орналастыру жағын сол қор да мойынына алуы тиіс. Мәселе тек жәрдемақы берумен шектеліп қалмауы керек. Жәрдемақы ол отбасылардың мәселесін шешпейді. Ол жұбатудың бір түрі ғана. Аш қалдырмаудың болар болмас тәсілін ұстанғанша, министрліктен бұл мәселені бөлек алып шығып, арнайы қордың еншісіне беру керек. Бізде ірі-ірі холдингтер, корпорациялар бар ғой. Сол тәрізді әлеуметтік жағдайы төмен жандарға арналған мемлекеттік қор құрылғаны абзал»,-деді Жұмаділда Баяхметов

Осылайша мамандардың байыптауынша, әлеуметтік аз қамтылған топты әлеуметтік көмектеп қамтуды бір ғана министрліктің мойнына артып қою нәтиже бермейді. Сондықтан бұл арада әлеуметтік қоғамдық қорлар арқылы да көмек көрсетудің үлгісін қалыптастыру болашақта маңызды болмақ…

Бұл ретте сарапшы маман Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, Қазақстанның халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленіп қалды.

«Қымбатшылық қысып жатқанмен жалақы көтерілген жоқ. Әлеуметтік төлемдерге азадаған үстеме қосылды. Теңгенің әлсіреуінен қазір зейнетақы қорындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Сондай-ақ халықтың теңгемен жинаған қаржылары да инфляцияға жұтылып жатыр. Мұны мойындау керек. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемге 2000-3000 теңгенің айналасында үстеме қосу халықты қымбатшылықтан алып шықпайды. Сондықтан бұл арада нақты-нақты шешімдер қабылдануы тиіс» дейді маман.

Қазір әсіресе ауылды жерде әлеуметтің жағдайы төмендеп тұрғанын алға тартқан маман «министрлік ауыл тұрғындарының қиыншылығын ескере отырып, ауыл тұрғындарына арналған бөлек әлеуметтік көмек базасын құруы керек» дейді.

«Ауылдық жерде өндіріс орындары жоқ. Ауылда бір сиырдың сүтіне қарап күн көріп отырған отбасыларды көзіммен көрдім. Сондықтан әлеуметтік көмек төлеген кезде ауылдық-аймақтардың қиыншылықтары ескерілуі керек. Олардың отын-суы, мал басына беретін жем-шөбі бар. Көмірдің бағасы бар. Осының барлығы ескеріліп, ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек түрін бөлек жасау керек»,-дейді Тоғжан Шаяхметова.

Қарлығаш Сайлаубаева