Электронды сауда: Қазақстан компанияларының табысын 1 трлн теңгеден асыруға мүмкіндік бар

Электронды сауда 2025 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімін жылына 1,1 пайыздық тармаққа ұлғайта алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

«Интернет-сауданың танымалдығы – транзитті дамыту әлеуеті. Алдағы 5 жылда Қытайдан Еуропаға жіберілетін интернет-сәлемдемелер саны 6 есеге артып, 2025 жылға қарай 4 млрд сәлемдемеге дейін жетеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдан Еуропаға 670 млн сәлемдеме тасымалданды. Оның ішінде Қазақстан арқылы транзит көлемі шамамен 6 пайызды құрады, бұл – 39,2 млн сәлемдеме. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы өте ыңғайлы географиялық жерде орналасқан», – деді Р.Дәленов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан аумағы арқылы интернет-сәлемдемелердің қазіргі көлемін қайта жөнелту үшін барлық инфрақұрылымдық және рәсімдік мүмкіндіктер бар.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің арқасында осы транзит көлемін 2025 жылға қарай 864 млн сәлемдемеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл қазақстандық компаниялардың табысын 132 млрд теңгеден 1 трлн 270 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді министр.

Р.Дәленовтың сөзіне қарағанда, электрондық коммерцияның өсуі саудаға және байланысты салаларды дамытуға, соның ішінде транзитке әсер етеді. Бұл 2025 жылға қарай ЖІӨ-ні жыл сайын 1,1 пайыздық тармаққа ұлғайтуы мүмкін.

inform.kz