Кентауда мыс-алтын аралас концентрат өндіретін зауыт іске қосылды

 Кентау қаласының 64 жылдығына орай, «Кентау полиметалл» ЖШС ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Айтулы шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, «Кентау полиметалл» ЖШС басшысы Дмитрий Копченко қатысты. Сондай-ақ, ардагер кеншілер Қамбар Сейітжанов пен Шерхан Әбілов ашылғалы тұрған кәсіпорынның маңызына тоқталып, ізгі тілектерін білдірді. Содан соң Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлы, Кентау қаласының әкімі Даурен Мақажанов, ардагер кенші Шерхан Абилов, кәсіпорын басшысы Дмитрий Копченко зауытты салтанатты түрде іске қосты. Жобаның мақсаты – бос тұрған өнеркәсіп орнында түсті металл кенін байыту кешенін ұйымдастыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы мақсатқа жету үшін 2016 жылдың 10 желтоқсанында Кентау қаласының әкімдігі, облыстық Кәсіпкерлер палатасы және инвестициялық компания арасында 2 170 000 000 теңге сомасына үшжақты меморандумға қол қойылған болатын. Бүгінде жоба толық іске қосылып отыр.

 

inform.kz