Мұнай бағасы 25 доллардан төмендесе, онда бюджетке бір тиын түспеуі мүмкін – отандық сарапшы

Отандық сарапшы әлемдік нарықтағы мұнайдың бір баррелінің бағасы 25 доллардан төмендесе, Қазақстан бір тиынсыз қалуы мүмкін екенін болжайды, өйткені мұнай өндірушілермен әу-баста осындай келісімшарт болған. Яғни, халықаралық нарықтағы баға межеленген ең төменгі деңгейде түскенде Қазақстан үкіметі оларды салықтан босатуға мәжбүр болуы мүмкін екен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырамақ түгілі, минусқа кетті. Әсіресе АҚШ пен Ресейде өндірілетін шикізат су тегінге сатылып жатыр. Өйткені әлемде қара майға деген сұраныс жоқ. Коронавирустың кесірінен әлемде бензин, дизель, әуе керосинін тұтыну күрт азайған. Сондықтан тоқтаусыз өндіріліп жатқан мұнай қоймаларға сыймай жатыр. Соның салдарынан жер көмірсутек құны 300 пайызға арзандап, тарихта болмаған антирекорд орнатты. Қара алтын нарығындағы құлдырау Қазақстанға қалай әсер етеді?

Мұнайға бай елміз деп мақтанатын заман өтіп бара жатқан сияқты. Себебі, қара алтында құн қалмады. Әсіресе Америка мен Ресейде өндірілген шикізат су тегінге сатылуда. Лондон биржасында Техас мұнайы 3 доллар, Юралс маркалы мұнай 1 доллардан сатылып жатыр. Себебі, нарықта сұраныстан ұсыныс көп. Яғни АҚШ-ғы барлық қоймалар қара алтынға толған. Тіпті құбырлар мен теңіздегі танкерлер де аузы-мұрнынан шығып тұр екен.

Әкімжан Арупов, қаржы сарапшысы: –

Қазір әлемде тәулігіне шамамен 30 миллион баррель мұнай артық өндіріледі. Жыл соңына дейін күндік профицит 9,5 миилион баррель болады деп жоспарлануда. Ал өндіріс көлемін қысқарту туралы ОПЕК елдерінің келісімі әлі күшіне енген жоқ. Оның нәтижесін тек жазға қарай сезіне бастаймыз. Сондықтан артық мұнай көп болғандықтан баға арзандап жатыр.

Арзандағаны былай тұрсын, кешегі биржада қара алтын минусқа түсіп кетті. Яғни артық мұнайды алып кетемін деген адамға жеткізуі тегін болған. Бұл шаш етектен шығын екені рас. Десе де әлемдік алпауыттар өз нарығын жоғалтып алмас үшін осындай қадамға баруға мәжбүр. Сондықтан мұнай-газ саласының мамандары Қазақстан да бағаға қарамай мұнай сатуын тоқтатпау керек дейді.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай-газ өндірісіне қызмет көрсету компаниялар одағының төралқа төрағасы:

– Мамыр айына Ресей мен Қазақстанның мұнайына Еуропада сұраныс жоқ. Біздің мемлекет Еуропада Германия мен Италияға үлкен көлемде мұнай береді және шығыста Қытай мемлекетіне. Тәуелсіздік кезінде жаулап алған нарығымызды Еуропа мен Қытай еліне ұсынып отырған мұнай мөлшерімізді төмендетпеуіміз керек және жоғалтпауымыз керек. Керек болса, мемлекетте қандай шығын болса да. Қазір сатып алған адамға тасымалын төлеп беріп жатыр ғой, мұнай өндірушілер. Ондай амалға да бару керек. Бастысы – нарықты сақтап қалу керек.

Алайда нарықты сақтап қаламыз деп жүргенде бюджеттің бүйірі тесіліп қалуы мүмкін. Өйткені қазына қаржысы негізінен қара алтын есебінен молайып отыр. Ал мұнай бағасы 25 доллардан төмен болса, еліміздегі мұнай өндіруші компаниялар салық төлеуден босатылады екен. Демек жерасты байлығынан бюджетке бір тиын түспейді деген сөз. Бұл аз десеңіз, мұнай арзандаған сайын теңге де әлсірей береді. Қазірдің өзінде ұлттық валюта үш теңгеге құнсызданды. Бірақ доллар әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Өйткені карантин кезінде ел экономикасы тоқтап тұр. Сондықтан АҚШ ақшасына деген сұраныс аз. Егер төтенше жағдай тоқтаса, доллар бірден шарықтап кетуі ғажап емес.