Мұнайдан пайда көрмедік…

Қазақстан  мешеу  елдердің  қатарында  қалып  келеді. Неге?  Бізде  бәрі  бар.  Бірақ  сол  бар  дүниені  ұқсата  алмай  отырмыз.

Халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын «Goldman Sachs» банкінің сарапшылары «бүкіләлемдік тауар биржаларында мұнай енді бұрынғыдай болмайды, ода нәрі арзандайды» деген қортынды айтты.
Негізгі экспорттық шикізаты көмірсутектері болып тұрған елдер үшін мұнайдың арзандауы  нағыз «жұт». Өйткені көмірсутектері осы уақытқа дейінгі негізгі энергетика көзі болу мүмкіндігінен айырылса, мұнай арқылы күн көріп отырған елдердің кірісі азаяды, қазынасы ортаяды. Халықтың тұрмыс деңгейі төмендейді. Мұны қазір біз бастан кеше бастадық…
Ал осы мұнай бағасы төмендесе де экономикасы «қисаймайтын» елдер бар ма екен?! Зерттеп көрдік.

Жаңағы «Goldman Sachs» банкінің сарапшылары «мұнай бағасы 30 долларға дейін төмендесе де жалпы ішкі өнімі артатын елдер баршылық» деп отыр. Аталмыш банк сарапшыларының мәлімдеуінше, мұндайда жеңіл өнеркәсібін дамытып алған елдердің «қылы қисаймайды». Керісінше, бұл елдердің табысты дәурені орнайды. Мұндай елдердің санатында Қытай, Үндістан, Түркия, Бразилия, АҚШ, Италия, Индонезия елдері көш бастап тұр. Сарапшылар мұнайдың арзандауы алдағы уақытта осы елдерге тиімді бола бастайтынын алға тартуда.

Мұндай пікірді отандық мамандар да жоққа шығармайды.

«Арзан мұнай көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Мысалы, қазір киім тігетін жіптен бастап матаға дейін мұнайдан алуға болады. Мұндай технологияны алпауыт елдер Қытай елі, Сауд Арабиясы, АҚШ әбден меңгеріп алды. Қазір көптеген елдерді модернизация, инновация сақтап қалып отыр. Заман талабына ілесіп әр саланы дер кезінде жаңғыртып алған мемлекеттердің табысы да еселенетін шақ. Мысалы, Қытай жеңіл өнеркәсібі арқылы бүкіл әлемді киіндіріп отыр. Ал сол жеңіл өнеркәсіпке қажетті талшықтардың барлығы мұнайды химиялық синтездеу арқылы алынады. Кір жуғыш заттардан бастап, киім-кешекке қажетті сапалы талшықтар, киімнің сапасын бұзбай ұзақ сақталуына мүмкіндік беретін талшықтар, шифондар, атластарға қосылатын заттар тізе берсек көп. Міне, мұнай арзандаған соң мұндай материалдарды алу да арзанға түседі. Сондықтан бұл арада мұнайдың арзандағаны расымен де біреуге зиян болғанмен, біреуге пайда»,-деді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Маманның айтуынша, мұнай бағасы арзандап жатқанымен, қазір Үндістанның, Италияның, Малазияның, тіпті іргедегі Түркияның,  Қытайдың жалпы ішкі өнімі түсіп жатқан жоқ. Аталған елдердің ішкі өнімі жыл сайын өсім беруде.

«Қытай қазір жалпы ішкі өнімін өсіріп, АҚШ-тан озып тұр. Қытайдың жалпы ішкі өнімі 6,9 пайызды құрап, 80 триллоннан юаннан асып түсті. Осылайша Қытайдың жалпы ішкі өнімі 13 триллион АҚШ долларына жуықтаған. Жеңіл өнеркәсіп саласы Қытайда жалпы ұлттық өнімнің 33 пайызын құрайды. Оңтүстік Кореяда жеңіл өнеркәсіп өнімдері жалпы ұлттық өнімнің 28 пайызын межелейді. Көптеген елдерде жеңіл өнеркәсіп жалпы ұлттық өнім ретінде, экономиканың қорғаныш күші есебінде қарастырылған. Ал бізде өкінішке қарай, жеңіл өнеркәсіп саласы әлі аяққа тұра алмай отыр»,-деді Жаңабай Алдабергенов.

Мамандардың пайымдауынша, әлемде экономикасы мұнайдан түскен түсімге байланған елдердің бірі Венесуэла. Венесуэла өкіметі бюджетіне түсетін түсімін мұнай бағамы «80 доллар болады» деп осы бағамға сәйкестендіріп жоспарлапты. Қазір бұл ел дағдарыста. Сол тәрізді Дания экономикасы да қазір үлкен күйзелісте. Мұнай бағамының түсуінен Данияның ұлттық валютасы 40 пайызға құнсызданып кеткен. Ал Норвегияда кешелі бері ұлттық валютасын 20 пайызға құнсыздандырды. Бұл елдерден бөлек АҚШ-тың алпауыт мұнай өндіруші компаниялары мұнайдан түскен түсімнің 40 пайызынан қағылған. Керісінше, АҚШ компаниялары сұраныстың аздығынан 40 пайыздық мөлшерде шығынға ұшыраған.  «Қазақстанға да мұнай бағамының мың құбылуы анық сезіледі. Еліміз нақты сауатты шараларды қолға алмаса болашақта үлкен қиындық туындайды» дейді мамандар.
Бұл мамандардың айтар ойы Қазақстан үшін әрбір саланы нақты реформалау қажет. Әсересе жеңіл өнеркәсіп саласына жаңаша серпін қажет. Олай етпесек, біз бұл салаға қатысты 92,7 пайыз өнімді сырттан аламыз да, 7,3 пайыз өнімді ғана өзімізде өндіреміз. Қазақстанда отандық мақта-матадан киім тігу, теріден, былғарыдан аяқ киім тігу саласы кемшін қалып жатыр. Алдағы уақытта осы жайттарды тиісті ведмоствалар тәжірибе жүзінде дамытуға күш салғаны дұрыс.

«Расымен ойлансақ, мұнайдан алынатын синтетикалық талшықтарды қосу арқылы Италия былғары етіктерін әлемдік бренд қылды. Түркияның киім-кешегі, тондары жалпы ішкі өнімін еселеп отыр. Қытайдың киімін кимейтін ел жоқ. Қытайда 1 тонна жүнге 100 грамм мұнай-химиялық талшығын қосу арқылы қаншама мата алынады. Мұнайдан қазір барлығын алып жатыр. Бізде шикі мұнай да көп, жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты шикізат та баршылық. Бірақ біз сол тері-жүнді ұқсата алмай өртеп жібереміз. Қазір біздің дизайнерлеріміз сапалы киім тігу үшін шетелден мата тасып, жіп тасып әлек. Сапалы киім тігу үшін шұға жіпті біз Италиядан алдырамыз. Ал сол шұға жіп өндіруге қажетті жүн де, қылшық та өзімізде бар. Бірақ оны өндіру мүмкіндігі жоқ. Мен «мұнай арзандаса да жеңіл өнеркәсібін жолға қойған елдердің экономикасы өркендей береді» дегенмен келісемін.  Себебі киім-кешек өндірісі қай кезде де адамға қажетті дүние. Сондықтан жеңіл өнеркәсіп экономиканың салмақты кіріс кіргізетін саласы екенін мойындау керек»,-дейді экономист-сарапшы Арман Мусин.

Мамандардың пайымдауынша, болашақта Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласын жетілдіру үшін Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс. Ол үшін алдымен ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақталуы тиіс.

«Сол шағын кластерлер арқылы жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін жеңілдетуге болатын еді. Шағын кластерлер жергілікті жерлерде өндіруге тиімді ауыл шаруашылығы шикізатынан, сервистік қызметтерден және тұтынушыларға тиімді бағамен жеткізу саясатынан тұрады ғой. Ол кластерлерді заңдық ұйымдастыру тіптен қиын емес. Ол үшін  азаматтық кодекске сәйкес ассоциация, өндірістік кооператив, ЖШС т.б шағын орындар құрып оны «ҚазАгро» холдингі арқылы қаржыландыру керек еді. Мұндай жүйені жасақтау мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру  және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы  шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің  бірігуіне жол ашатын еді. Өкініштісі бізде осындай ұсыныстарға мән берілмейді. Атқарушы билік тек шетелге экспортатуды ғана ұсынып отыр»,- деді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.

Сөйтіп мамандар алға тартып отырғандай     біз мұнайды тек қана шикізат ретінде алып сата берудің нәтижесін қазіргі уақытта көріп отырмыз.

«Қазір әлем даурығып кетті. Биржада шикі мұнай қорының көбейіп кеткені соншалық тіпті оны сатып алатын да адам болмай тұр. Сондықтан бұл арада «болашақта мұнай химиясына мән беріле бастайды» деген пікірлер орынды. Ол үшін әрине жеңіл өнеркәсіп саласы қоса дамуы тиіс. Бұл ретте бізде білікті мамандар мен технологиялық базамыз мүлде жоқ десе де болады.

Сондықтан болашақта мұнай химиясын дамыту үшін,. Мұнайдан ең соңғы дайын өнімге дейін алып оны жеңіл өнеркәсіпке пайдалануға инвестиция салу керек. Егер елде мұнай химиясы өркендейтін болса онда біздің тұрмысқа қажетті заттарымыз түгел өзімізден өндірілер еді. Бұл бағытта үш жылдық межеде нақты-нақты жобалармен жұмыс істеу бізге аса қажет болып отыр. Ендеше Үкіметтің құлағына «алтын сырға» деп қоялық»,-деді химия ғылымының докторы, профессор Қорлан Апсалықова…

Қарлығаш  Сайлаубаева.