Несие саясатына сауаттылық керек

Қазақстанда бір адамға есептегенде несие жүктемесі 908 мың теңгені құрайды. Биылғы жылы банктердің жеке тұлғаларға несие беру көрсеткіші 5 пайызға өскен. Қазірде қазақстандықтардың банктер алдындағы қарыздарының көрсеткіші 6 трлн теңгеге жеткен. Жеке тұлғалардың алып отырған несиесінің басым бөлігі тұтынушылық несиелер. Қарыз беру жағынан елдегі банк секторлары көш бастап тұр. Елдегі берілген несиенің 91,4 пайызы банк секторына тиесілі болса, 6 пайызы шағын қаржы ұйымдарының үлесінде, 2,4 пайызы онлайн несиелеу жүйесінің еншісінде. Осылайша жалпы халық санына шаққанда елдегі әрбір  адам банктердің алдында 908 мың теңге қарыз болып шыға келеді. Осыған орай,  мамандар біздегі несие жүйесіне сауаттылық керек екенін баса айтуда.

Экономика ғылымының докторы, Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша,  елдегі несие саясатында түрлі қитұрқы әрекеттер толып-ақ жатыр.

«Алдымен Қазақстандағы  «Банктер және банктік қызмет туралы» Заңға өзгертулер енгізу керек. Бұрындары  әкеден балаға отбасылық құнды заттар, жылжымайтын мүлік, тағы басқа құнын жоғалтпайтын рухани дүниелер мирас болып қалушы еді. Ал қазір несие мұраға қалса, таң қалмайтын болдық. Себебі «ҚР Банктер және банктік қызмет туралы» Заңға сәйкес адам қайтыс болған жағдайда оның мойнында несиесі болған болса, ол мұрагерлік несие болып есептеліп туған-тусына, бала-шағасына өтеді. Осылайша заң бойынша  несие алушы қайтыс болған жағдайда, несиені қайтару міндеттемесі тоқтамайды. Бір жеңілдігі, мұрагерлікке қалған несиеге пайыздар қосылмайды. Ал банктен алған негізгі соманы қайтару мұрагердің міндеті болып саналады. Қанша жерден наразы болсаңыз да, мұндай жүйемен келіспесеңіз де, заңға бағынуға міндеттісіз. Жалпы, несиегі 24-28 пайыздық үстеме қосу, қайтыс болған адамның несиесін бала-шағасына, туған туысына мұраға қалдыру Қазақстанда ғана бар жүйе. Сондықтан бұл арада несие саясатына қатысты ақылға қонымды, сауатты бағытты ұстанатын кезең жетті»,-дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Экономист-ғалым алға тартып отырғандай, 2004-2005 жылдары Қазақстанның әлемдік нарықтағы беделі  қазіргіден жоғары болды. Осы кезеңде шетелдің қаржы институттары  Қазақстандағы банктерге бар-жоғы 2 пайызбен қарыз бере бастады. Біздегі банктер сол 2 пайызбен алған қарыздарын халыққа 22-24-28 пайыздық үстеме қосып несиеге берді. «Банктер осындай жауапсыз саясат жүргізу арқылы  10-12 есе пайда көреміз деп ойлады. Бірақ 2008-2009 жылдарғы дағдарыс кезінде банктердің проблемалы несие портфелі өсе түсті. Жеке тұлғалар алған қарыздарын қайтара алмай бірқатар банктер дағдарысқа кетті. Жалпы,  Үкімет қай кезде де банктерді қолдауға дайын тұрады. Олар дағдарысқа кетіп жатса, демеу қаржы бөле қояды. Қанатының астына алады. Ал соған орай банктер де халыққа сауатты қызмет етуі керек. Керсінше біздегі банктер қарапайым тұтынушылардың қалтасын қағып отыр. Дамыған және дамушы елдерде несие тұтынушыға 2-3-4 әрі кетсе 7 пайызбен беріледі. Сондай-ақ  несие алушыға жазатайым жағдай болғанда олардың қарызын  сақтандыру компаниялары өтейді. Ал біздегі сақтандыру компаниялары да мұндайда бастарын ала қашады. «Қарызды толық төлеп береміз» деп олар да кепілдік бере алмайды. Сондықтан осы қызмет түріне де сауақттылық енгізу қажет»,- дейді Жұмаділда Баяхметов.

Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов те бұл пікірлерді қуаттап отыр.  Атамұрат Шәменовтың айтуынша, тіпті қайсыбір екінші деңгейлі банктер Үкімет ұсынып отырған тиімді бағдарламалардың орындалуына да кедергі келтіріп отырған көрінеді.

«Қазір елді мекендерге банктердің филиалдары бара бастады. Бұл ретте айтарым, жоғары пайызбен несие алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін пайдалы жасау мүмкін емес. Көбінесе микрокредиттік ұйымдар арқылы ауылдағылар қаржы алып жатады. Бірақ оның да салмағы ауыр. Соңғы уақыттары насихатталып жүрген ауыл шаруашылығына қатысты ұсынып отырған  үкіметтің бағдарламасы тиімді, бірақ олардың іске асуына екінші деңгейлі банктер тосқауыл болуда. Қазақстанның банктері құныққандар. Шетелде төменгі пайызбен банктер халықпен жұмыс істеп жатыр.  Ал біздегі банктерің пайыздық үстемесі жиырмадан аспаса ұйқылары бұзылады. Жалпы, мен «арнайы агробанк ашу керек» дегенді аса қолдамаймын. Өйткені олар да сол ескі сарынмен жүретін болады. Шаруалардың қолына тағы да қымбат несие ұсынатын болады. Меніңше, Ислам банкинг принциптерін ауыл шаруашылығына барынша енгізіп көрген дұрыс. Қазіргі жағдайда банктерді Үкімет ұлттық қордан миллиардттап  ақша бөліп жарылқамай, олардың кәсіпкерлерге несие беру шығындарын өтеп отырғаны жеткілікті болар еді»,- дейді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, проблемалық несие қоржыны кез келген елдің банк жүйесінде бар. Бірақ оның пайыздық көрсеткіші белгіленген межеден асып кетпеуі керек. Проблемалық несиенің көрсеткіші 1-2 пайыздан аспауы керек. Ал бізде бұл көрсеткіш 8 пайызға жетіп жығылады. Экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, несие саясаты экономиканың құрамдас бөлігі. Сондықтан бұл салада жағымсыз несие портфельінің өсіп кетуі жақсылық емес. Ендеше алдағы уақытта елдегі банктер қарапайы халыққа тиімді жұмыс істеу саясатын ұстануы керек. Сондай-ақ банк пен кәсіпкер арасында, отандық өндіріс арасында тығыз байланыс болуы тиіс.

«Өркениетті елдерде кәсіппен айналысқысы келген адамға банктер өздері бизнес жоспарды даярлап береді. Бұл оларда қалыпты жағдай. Дамыған елдерде біздікі тәрізді құшақ-құшақ құжат жинау, бизнес жоспарын біздегі тәрізді қайтарып алып оны бірнеше мәрте түзету, қағазбастылыққа салыну деген жоқ. 1882 жылы құрылып, қазірге дейін дүркіреп жұмыс істеп тұрған Жапон банкінің негізгі ұстанып отырған саясаты осы. Аталмыш банк халықпен және өндіріспен етене араласуды жақсы меңгерген. Біздегі банктерге де халықты қарыздың астына қалдыра бермей, бір сәт қарапайым халық үшін де жұмыс істеп, пайыздық көрсеткіштерін төмендетіп, өндіріс орындарына тиімді ұсыныстармен шығып қазіргі ұстанған бағыттарын өзгерту керек. Қазіргі қалыппен қарызды үстеме қосып тек несиеге ғана беріп отырса банк жүйесі өркениетті түрде дамымайды. Сондықтан банктер халықты жоғары пайызбен несиеге батыра берсмей, өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатуды көздеу керек. Түсімі жоғары, инвестициялық қоры мол өндіріс орындарын қаржыландыру арқылы банктер өздерінің болашағын қамсыздандыра алады. Осылай ұстанған саясатты өзгерткен жөн»,-дейді сарапшы Дәурен Арын.
Қарлығаш Зарыққанқызы