Қазақстан кімге және қанша қарыз?

Қазақстанның мемлекеттік қарызы – 40 миллиард доллар немесе 15 триллион теңге. Бұл туралы Тengrinews.kz ресми сауалына Қаржы министрлігінің өкілдері жауап берді.

2019 жылы 1 шілдеде мемлекеттік қарыз мөлшері осындай болды. Ведомство өкілдері 31 миллиард доллардың немесе 12 триллион теңгеден аса сома – үкіметтік қарыз екенін айтты. Сонымен қатар, сыртқы қарыз – 5,4 триллион теңге (14 миллиард доллар), ал ішкі қарыз – 6,7 триллион теңге (17 миллиард доллар).

Үкіметтің сыртқы қарызы

Сыртқы үкіметтік қарыздың жалпы көлемінен 2,3 триллион теңге – бұл халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған несие. Олардың ішінде Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия Даму Банкі және Ислам Даму Банкі бар. Сыртқы қарыздың жалпы көлемінен еурооблигациялар – 2,9 триллион теңге. Сыртқы үкіметтік қарыз шетелдік коммерциялық банктерге, шет мемлекеттердің үкіметтік ұйымдарына 253 миллиард теңгені қамтиды. Олардың арасында араб экономикалық дамуының Кувейт қоры, Абу-Даби Даму Қоры, Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігі және Германия үкіметінің несиелік агенттігі бар.

Қаржы министрлігінің өкілдері Үкімет қарызы республикалық бюджет қаражатынан өтелетінін еске салды.

“Өтеу келісімдермен белгіленген мерзімде жүзеге асырылады. Қаржы министрлігі үкіметтік қарыз алудың, жинақталған қарыздың мөлшерін, өтеу төлемдерінің қажетті мониторингін үздіксіз негізде жүзеге асырып отырады”, – деді министрлік өкілдері.

Қазақстанға кім қарыз?

Шет мемлекеттерге келетін болсақ, бүгінгі таңда Қазақстан алдындағы қарыз тек Грузияда ғана бар. Негізгі қарыз мөлшері – 25,4 миллион доллар. Қаржы министрлігінің мәліметінше, Грузия тарапы елдегі ауыр экономикалық жағдайға байланысты төлемді тоқтатқан, сол себепті 2017 жылы бұл қарыз құрылымын өзгертті.  “Негізгі қарыз бұрынғыдай қалды, бірақ өтеу мерзімі мен шарттары қайта қаралды – 2017 жылдан 2025 жылға дейін. Өтелетін қорытынды сома – 37,9 миллион доллар. Қазіргі уақытта төлемдер белгіленген мерзімде және толық көлемде жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша шетел мемлекеттерінің Қазақстан алдында қарызы жоқ”, – деп толықтырды ведомство өкілдері.

Kaz.tengrinews.kz