Санкция: ЕАЭО келісімінің 40 тармағы не дейді?

Кремль   идеологтары Ресейге геосаяси жалғыздығын жеңілдету үшін  ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дағы әріптестерін тартқысы келеді 
 

Қараша айының соңында  РФ Министрлер кабинеті жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Приходка ЕАЭО-тың бас құжаты – мүше елдердің  Келісім-шартының 40 тармағын жетілдіру , қажет болса  өзгерістер енгізу туралы  ұсыныс айтты. Егер, бұл ұсыныс мақұлданса,  одаққа мүше елдер  АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясына бірге жауап беру міндеттеледі. «Ресей ұсынысы ақылға қонымды ма ?» деген пікірге сарапшылар әлі түйінді пікір айта алған жоқ.

Ресей президентінің көмекшісі Владислав Сурков Ресей үшін «14 + дәуірі» келеді, ал оған дейін Ресейде «жүз (екі жүз, үш жүз) жыл геосаяси жалғыздық болуы мүмкін» деді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев мұның бәрі  Ресейдің сыртқы саясатта  «Бізбен бірге болмағандар – бізге қарсы» қағидасын ұстанатынын айтады. Ресей  армия мен флотты ең сенімді одақтас деп таниды. Кремль   идеологтары Ресейге өзінің «геосаяси жалғыздығын» жеңілдету ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дағы әріптестерін тартқысы келеді.
–Қазақстан Құрама Штаттарының және басқа елдердің азаматтары үшін енгізген визасыз режимді Ресей тарапы соққы ретінде қабылдағанын еске түсіріңіз.  Біздің тарапымыздан бұл инвестициялық тартымдылықтың өсуі, біздің елге тартылған инвестиция ЕАЭО әлеуетінің артуына ықпал етеді. Бұл –Ресейге жақпайды. ҚР Ұлттық қорының 22 миллиард долларының тағдырына ЕАЭО-ның бізден мүшелері алаңдаушылық танытпады. Саяси қысымға түсіп қалған елдің тағдыры ЕАЭО-ны алаңдатпайтынын сездік сол кезде.  EAЭО-мен байланысты барлық қатерлерді абайлап әрі мұқият бағалау қажет,–дейді Досым Сәтпаев.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтың пікірінше Экономикалық интеграция құрылымы ретінде ойластырылған одақ геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта пайда болды. Одақ құрамындағы елдердің бәріне әсіресе, төртінші жыл ерекше ауыр тиіп тұр.  Украинадағы саяси дағдарыс, Еуромайдан (2013-2014 жж.), Ресейдің Қырымды аннексиясы,  Украинаның шығысындағы қарсылық «Луганск халық республикасы” мен “Донецк халық республикасы” деп аталған ұйымдардың құрылуы еуразиялық интеграция бойынша одақ құру процесімен қатар жүрді.

Ал биылғы жағдайды Скрипаль ісі бойынша тергеу жүргізу мен “Ресейдің 2016 жылғы АҚШ сайлауына ықтимал араласуы,  Ресейдің Сириядағы әскери қимылы ушықтырып жіберді.

– ЕАЭО шарттары сарашылар пікірі ескерілмей, асығыс кабылданды.Мысалы, Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп отырған саясаты – жеке мүддесінен туған. АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясына сол себеп болып отырғанын бәрі біледі. Ресейдің  Украина немесе агрессивті сыртқы саясатын  ЕАЭО саясатымен араластыруға болмайды. Біз осы мәселені Одаққа кірер алдында ескеруіміз керек  еді.  АҚШ пен Еуропаның санкция салуына ықпал етті. Одақ құрамындағы елдердің бәріне әсіресе, төртінші жыл ерекше ауыр тиіп тұр,– дейді.

Бейсенбек Зиябековтың пайымдауынша,  РФ Министрлер кабинеті жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Приходканың ұсынысы ЕАЭО- сыртқы саясатты және әлем алдында Ресей мүддесін қорғау үшін құрылған ұйым екенін көрсетті. Экономикалық ықпалы жғынан АҚШ  Ресейден әлдеқайда қуатты. Әлемдік экономикадағы АҚШ үлесі  25 пайыз, Ресейдің үлесі  әлемдік ЖІӨ-нің 2,5 пайыз. Оның өзі шикізаттан құралған. Экономикалық жағынан Ресей  Батысқа қарсы тұра алмайды.

Ал Ресейдің ЕАЭО елдерімен  саудасындағы үлесі төмендегі инфографикада.

РФ бұл ұсынысқа дайындықпен, етек-жеңін жиып келді. Оны бәріміз көріп отырмыз. Өткен аптадан бері  Ресейдің басылымдары  ірі корпорацияларының жетекшілерінің  «доллардан арылу қажет» деген пікірін көптеп жариялап жатыр. Оның алдында қаржы нарығындағы заңдарды унифиациялау туралы келісімді заңдастырды. 2018 жылдың 6 қарашасынан бастап «Газпром», «Русгидро» облигациялармен қамтамасыз ететін қаржылық қорын юань мен евроға ауыстырып, алтын валюта қорына да доллардан гөрі алтын жинауды бастады. Ресейдің экономист-сарапшылар  алдағы үш жылда көрші елде дедолларизация қарқын алмақ.

Ресей сарапшылары ғана емес, отандық мамандарымыз да, «біз ұлттық валютаны қолдау үшін үлкен тәуекелдерге барып отырмыз» дейді. Мамандар алға тартып отырғандай бізде ең алдымен дедолларизацияға қатысты дұрыс түсіндірушілік жоқ. Сондықтан доллардан арылу шарасы таяу бес жылдықта нәтиже береді деу қиын. Экспорт-импорт қатынасында отандық өнідірісшілер доллармен айырбас жасайды. Бюджетке түсетін түсімді көбейту үшін теңгені құнсыздандырудан өзге амал жоқ. Қазір мұнай бағасы бұрынғыдай 100 доллар болып отырған жоқ. Мұнайдан түсетін түсімнің көлемі күрт төмендеді. Біз үшін мұнайдан өзге сыртқа баратын тауарлардан түсім түспесе, яғни экспорттан пайданың келмеуі қауіп әрі тәуекел. Сондықтан  Ресейдің доллардан арылуға деген бағдарламаны қайта жаңғырту туралы бастамасы көп адамдардың қолайына жағуы мүмкін.

–Көрші ел бұл әрекетті ЕАЭО-қа мүше елдердің қолдауынсыз бастап кетті. Бұл олардың қаржы нарығында өзге мүше елдермен санасқысы келмейтінін байқатты.  Еуразиялық экономикалық одақ аясына біріккен елдер үшін мұның кері ықпалы да бар екенін алға тартты. Сондықтан, ЕАЭО-қа қатысты мүше елдер сыртқы саясатқа қатысты дербес саясат жүргізе алады деген тармаққа өзгерістер енгізу қажет. Егер, осыған қатысты шешім қабылдауды жылдамдатпасақ, Ресейден өзге 4 ел қосақ арасында күйіп кетуі мүмкін,  –дейді Бейсенбек Зиябеков,

Қазақстандық сарапашы,  Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының  сарапшысы  Вячеслав Додонов Ресейдің ұсынысы сарапшыларға жаңалық емес екенін айтты. Бұл ұсыныс жаз айының соңында ЕАЭО-тың бас қосуларында, сарапшылардың бейресми пікірі деңгейінде талқыланған. Бірақ одақтың өзге мүшелері мұны қолдап шығуы немесе заңдастыруы мүмкін емес.

– ЕАЭО-да шешім консенсуспен қабылданады. Тіпті ЕАЭО-тағы бір қарсы дауыстың өзі шешімді бұзып жібереді. Сондықтан, бұл ұсыныстың әңгімеден әрі асып кетпейді, – Вячеслав Додонов.
Гүлбаршын Сабаева