Сенаторлар 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті пысықтады

18 қарашада Сенатта қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021 – 2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы” және “2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” екі заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды zakon.kz.

Сенаторлардың айтуынша, еліміздің алдағы 3 жылға арналған бюджеті мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері ескеріліп жасалған. Экономикадағы күрделі кезеңге қарамастан елімізде қолжетімді тұрғын үй, жол құрылысы, өңірлерді дамыту жөніндегі бағдарламаларды іске асыру жалғаса береді, жәрдемақылар мен зейнетақылардың бәрі төленеді, кәсіпкерлікті қолдауға да қаржы салынған. Пандемиямен күресу және басқа да ауруларды емдеу үшін дәрігерлік мекемелерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету басым бағыт болып қала береді.

“Үш жылдық кезеңде бюджеттің негізгі шығыстары әлеуметтік салаға бөлінетін болады. Ақша әлеуметтік төлемдерді – зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге, педагогтар мен дәрігерлердің жалақысын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік жарналар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жіберілетін болады”, – деді Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев.

Сонымен қатар, бюджет жобасында білім және ғылым жүйесін дамытуға 5,1 трлн теңге қарастырылған. Негізгі қаржы қосымша төлемдермен бірге мұғалімдердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Сондай-ақ стипендияларды, білім беру гранттарын да ұлғайту жоспарланып отыр. Республикалық бюджетке сумен жабдықтау жүйелерін салу мен жаңғырту, өңірлерге газ жеткізу, аз қамтылған және көп балалы отбасылар мен жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жобалар да енгізілді.

Сондай-ақ, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін кепілдендірілген трансферт мөлшері белгіленді. Бұл ақшаны ынтымақты зейнетақыны төлеуге, республикалық бюджеттен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне жіберу ұсынылатын болады.