Теңгенің әлсіреуі мұнай бағасымен тікелей байланысты – Ұлттық банк

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ішкі валюта нарығы және әлемдік қаржылық ахуал туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әлия Молдабекова айтуынша, тамыздың кей күндері теңге бағамының нығайған және әлсіреп кеткен кездері болған. Бұл маусымдық өзгеріс салық науқанындағы шетелдік валюта ұсынысының артуымен байланысты. «Салық аптасының» эффектісі мұнай бағасы түсіп кеткен наурыз айынан бері бірінші рет байқалды. Дәстүрлі түрде тамызда адамдардың көпшілігі демалысқа баратын болған соң сұраныс артады. Бірақ пандемияға байланысты биыл ол сұраныс болмады. Кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз ету мақсатында тамызда Банк Ұлттық қордан 681 млн АҚШ доллары көлемінде валютаны сатылымға шығарды. Конвертация көлемі алдыңғы айлармен салыстырғанда анағұрлым төмен болғандықтан валюта нарығындағы теңсіздікке әкелмеді», – деді Ұлттық банк өкілі. Оның айтуынша, теңге бағамының түсуі мұнай бағасының төмендеуімен тікелей байланысты болып отыр. Қыркүйектен бастап мұнай бағасының төмендеуі дамушы, шикізаттық елдердің экономикасына кері әсерін тигізді. 15 маусымнан бері бірінші рет мұнай бағасы 40 доллардан түсіп кетті. 8 қыркүйекте $39,4-ке жетті. Биржа саудасы нәтижесінде теңге 9 қыркүйекте 426,50 теңгеге дейін төмендеді. Алайда сол күні кешке мұнай котировкасы қайта қалпына келді», – деді Әлия Молдабекова. Мұнай бағасының төмендеуіне ең алдымен инвесторлардың күмәні ықпал етіп жатыр. Себебі олар көмірсутекке сұраныс артатынына күмәнмен қарап отыр. Әлемдік локдаунның босаңсуынан соң әлемде мұнайды тұтыну ақырындап қалпына келуде.