Жасанды интеллектіні қолданудан экономикалық тиімділік 25 млрд долларға жетуі мүмкін – Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкіметаралық кеңестің отырысында жасанды интеллектіні дамыту туралы мәлім етті. Үкімет басшысының айтуынша, жасанды интеллектіні қолданудан экономикалық тиімділік 25 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Премьер-Министр бүгінде цифрлық технологиялардың қарыштап дамуы әлемдік экономикаға едәуір ықпал етіп жатқанын айтты. Оның ішінде болашақта шешуші рөл атқаратын жасанды интеллектіні дамытуға баса мән берілуде. Асқар Маминнің айтуынша, жасанды интеллектіні қолданудан экономиканың әр саласына түсетін қосымша құн 2030 жылға таман 5 трлн АҚШ долларына жетуі мүмкін. «Ұзақ мерзімді мақсатымызды орындау жолында 2050 жылға таман әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін жыл сайын экономиканың өсімін 5-6 пайызға көтеріп отыруды көздеп отырмыз. Бұл көрсеткішке еңбек өнімділігін арттыру көп ықпал етуі тиіс. Осы жерде жасанды интеллектінің әлеуеті зор. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытудан экономиканың салаларында экономикалық тиімділік жылына 25 млрд долларға жетуі тиіс», – деді Асқар Мамин. Оның айтуынша, ең жақсы өсім көрсеткіштері қызмет көрсету саласында – 15 млрд долларға, тау-кен өндірісінде 9 млрд долларға жетуі тиіс. Айта кету керек, Алматыда «Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумы өтіп жатыр. Бұл шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясының, Молдова үкіметінің басшылары мен премьер-министрлері қатысып жатыр. Маңызды кездесуде күн тәртібіне 12 мәселе қойылған.