2,1 млн қазақстандыққа 42 500 теңгелік төлем аударылды

2,1 млн қазақстандыққа 42 500 теңгелік төлем берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «3 тамызда сағат 15.00-дегі жағдай бойынша шілде айында шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындау үшін 2,4 млн бірегей өтініш қабылданды. Төлем 2 млн 140 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2,1 млн қазақстандыққа аударылды», делінген хабарламада. МӘСҚ-тан төлем алуға берілетін өтінім бірнеше арна арқылы қабылданады. 2,4 млн өтінімнің ішінде: – 833,8 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берді; – 604,4 мың адам Egov.kz порталы және Telegram боттар арқылы; – 342,8 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы; – 625,2 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет ресурстары арқылы өтініш берген. Азаматтардың санаттары бөлінісінде: – 833,8 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден берілді (проактивті форматта); – 202,8 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берді; – 1 млн 369,6 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын адамдар; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар). Төлем 2 млн 140 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2,1 млн қазақстандыққа аударылды. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың шілде айында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жұмыс істеп жатқан қазақстандықтарға табысы толық жоғалған жағдайда бір ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылады. Жалақы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлер үшін өтінімді тек жұмыс беруші ғана беретіндігін атап өту қажет. Жұмыс берушілерден (заңды және жеке тұлғалардан) өтініштер 19 шілдеден бастап қабылданады. Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.