Әбілқасымова Астанадағы қайғылы жағдайдан кейінгі сынның себебін айтты – Ел жаңалықтары

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіМадина Әбілқасымова Астанадағы қайғылы жағдайдан кейінгі сынның себебін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Біздің министрлік сынға ұшырады, себебі біз көптеген қиын мәселелермен айналысамыз. Осы сынның барлығын ескере отырып, біз қажетті шараларды қабылдауға тырысамыз», – деді Мадина Әбілқасымова үкімет отырысынан кейін. 

Министрдің айтуынша, барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға көп балалы отбасыларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізуге тапсырма берілді.

«Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылды, олар көпбалалы отбасылардан келіп түсетін ақпарат жинап, баға беріп, ұсыныстар жинайды. Осы ұсыныстардың барлығы жұмыс тобында қаралатын болады. Жұмыс тобының бірінші отырысы өткен аптада өткізілді. Барлық орталық, жергілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Жұмыс тобының кезекті отырысы осы бейсенбіде жоспарланып отыр, қоғам өкілдері мен мамандарды шақыру жоспарланған. Әлеуметтік қолдауды жақсарту бойынша кешенді шешімдер ұсынылады деп ойлаймын», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, министрлікке көпбалалы аналар өтініштер мен ұсыныстарын айтып келіп жатыр екен. 

6 ақпанда көп балалы аналар Астана қаласы әкімдігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдеріне жүгінді. Әйелдер өмір сүру жағдайы туралы айтып, оларға пәтер беруді сұрады. Олардың өтініштерінің тізімінде 18 жасқа дейінгі әрбір балаға 20 мың теңгеден ай сайынғы жәрдемақы, тегін тамақтану, оқушылардың қоғамдық көлікте тегін жол жүруі, жоғары оқу орындарында оқу, сондай-ақ аналар мен балаларға арналған емдеу ұсыныстары болды.

Көп балалы аналар Алматы әкімдігіне де өтініш білдірді. Кездесуде өтініштер негізінде ұсыныстар тізімі жасалды.

Жәрдемақы мөлшерін арттыру жөніндегі ұсыныстарды үкіметте көп балалы отбасыларға қолдауды күшейту жөніндегі жұмыс тобы қарайды. Белсенділер мен көп балалы аналардың төртінші баланы босанғаннан кейін ипотеканы толығымен жабуды, ай сайын әр 18 жасқа толмаған балаға 20 мың теңге жәрдемақы беру, аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіру, яғни патронаттық ата – аналарға 10-20 АЕК (25-50 мың теңге) беруді ұсынды. 

Еске салайық, Астанада жекеменшік үйдегі өрт салдарынан бес бала қаза тапты. Қайғылы оқиға Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесінде болды. 4 ақпанда сағат 02:34-те 101 пультіне жеке тұрғын үй аумағындағы уақытша құрылыстан өрт шыққаны туралы хабарлама келді. Өрт 30 шаршы метрді шарпып, кейін 25 шаршы метр шатырды құлатқан.

Тілсіз жау 03:06-да оқшауланып, 03:24-те сөндірілді. От сөндіру барысында 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген бес баланың мәйіті табылды. Ата – аналары жұмыста болған.

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz