Атыраудағы балықтың қырылуына байланысты комитет пікір білдірді

236

2018 жылғы 2 желтоқсанда Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына қала тұрғындарынан түскен ақпарат бойынша Атырау қаласының шетіндегі «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ның сорғыш станциялары орналасқан Перетаска өзегінде балықтардың қырылу фактісі тіркелді.Бұл туралы  Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.

Осы орайда, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарымен балықтар қырылған жергетексеру жұмыстары ұйымдастырылды.

Тексеру жұмыстарының нәтижесінде аталған су айдынында жалпы салмағы 1 154 кг қара балық түрлерінің (мөңке – 827 кг, қылышбалық – 160 кг, айнамкөз – 2 кг, табан – 165 кг) қырылғандығы анықталды. Бақылау кезінде өлген балықтардың механикалық жолмен жарақаттанғаны белгілі болды.

Жануарларға қауіп төнуі және (немесе) қырылуы анықталған жағдайда қызметкерлердің мүдделі мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл схемасы шеңберінде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға хабарланды. Лабораториялық зерттеулер үшін өлген балықтардың сынамалары алынды.

Балықтардың қырылу себептері анықталғанша дейін жиналған өлі балықтар «Надежда – 1» ЖШС-ға сақтауға тапсырылды. Балық ресурстарына келтірілген зиян мөлшері 1 110 148 теңгені құрайды.

Аталмыш факты Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Материалдар Атырау облыстық Ішкі істер департаментіне жолданды.

Қазіргі уақытта балықтардың қырылу фактілері тіркелмеді. Атырау облысындағы балықтар мекен ететін су айдындарда тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.

Лабораториялық зерттеулердің нәтижелерінің қорытындысы бойынша балықтардың қырылу себептері туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады.

Дайындаған: Досжан Балабекұлы