
Алматыда ҚазҰУ-дың әл-Фараби кітапханасында философия ғылымдарының докторы, профессор Г.Нұрышеваның 60 жылдығына арналған «Ұлы даланың жеті қыры және қазақ философиясының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция жұмысын философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор А. Масалимова бастап бергеннен кейін, ғалымның өмірі мен ғылыми шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетілді.
Жиында ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандық философиялық Конгресс Президенті Ә.Нысанбаев қатысып, мерейтой иесіне жылы сөздерін арнады. «Жаңа жылдың басы мерейтоймен ашылып жатқаны керемет болды. Осы университеттің ұжымына, факультеті мен кафедрасына айтарым – тойларыңыз-тойға, қуанышқа жалғассын. Осы факультеттің деңгейі жоғарыласын. Университеттің мәртебесі биіктей берсін. Біз Философия, саясаттану және дінтану институты мен Қазақстандық философиялық Конгресс ұжымы атынан мерейтой иесін шын жүректен құттықтаймыз»,-деді Ә.Нысанбаев.
Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми жұмыс жөніндегі директор орынбасары Серік Нұрмұратов: «13 қаңтар – біздің инситуттың құрылған күні, 14 қаңтар – Гүлжиһан Жұмабайқызының дүниеге келген күні, ал 15 қаңтар – ҚазҰУ-дың құрылған күні. Бұл бір, мерейлі күндер тізбегі іспетті. Яғни, қаңтар айы барлығына бастама.
«Дүниеге адам не үшін келді?», «Өмірінің мәні неде, қалай өмір сүруі керек?»,- деген философияның ең негізгі сұрақтары ғой. Г. Жұмабайқызы сол сұрақтарға өзінің ғылыми-шығармашылық жолын арнаған. Қазақ философиясының әлемінде әлі игерілмеген тақырып көп. Көптеген терминдерді реттеуіміз керек. Оған өзінше тірек болар дүниежүзілік мектептер көп. Неміс, орыс, қытай философиялық мектептері де бізге үлгі болады. Бірақ біз өз жолымызды табуымыз керек. Біз жаңа әліппемізді табуымыз керек. Барлығымыз жиналып ұғынықты терминдік базамызды жасап алуымыз қажет. Олар оқулыққа да енеді, оқу процесінде де жүреді, әрі қарай қоғамымыздың философиялық келбетін анықтайды. Сондықтан осы іске үлесін қосып жүрген Гүлжиһан Жұмабайқызының бірнеше еңбектеріне кезінде рецензия жазғанбыз. Оның стиілін де, ойлау тереңдігін, бағыт-бағдарын да, білемін. Ең бірінші тұлғалық сапасын ерекше айтқым келеді. Әр адамның өзіндік тұлғалық деңгейі бар»,-деп мерейтой иесінің философиядағы орнын айшықтап өтті.
Г.Нұрышеваның туған жерінен арнайы келген Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Өмірбек Бекежан мырза келіп, Атырау мемлекеттік университеті ректоры Абзал Ахатұлының құттықтауын жеткізді. «Бұл кісінің қазақ философиясының дамуына қосқан үлесі орасан зор. Тіпті, әлемдік философияның қазақ тілінде аударылуына да біршама еңбек еткен етті. Мерейтойға Г.Жұмабайқызының өз еңбек жолын бастаған университет атынан ыстық ықласымызды жеткізгіміз келеді. Білім-ғылым саласын дамытуда сіңірген белсенді қызметіңіз, озық ойлайтын кемел қабілетіңіз, бойыңыздағы парасаттылық, адамгершілік, ізденімпаздық қасиетіңіз жастарға қашан да үлгі. Осы қалпыңыздан әлі биік асуларға асып, мерейіңіз таси берсін»,-деп ақ тілек білдірген.
Сондай-ақ, конференцияға елімізге белгілі атақты философтар, ғалымдар, студент, магистарт, докторанттар қатысты. Ал шәкірттері ұстазына ерекше фильм әзірлеп, өлең шығарып, мерейтойы иесінің суреті салынған картинаны тарту етті.
Мерейтой иесіне жіберілген құттықтау хаттары еліміз бен шет мемлекеттен көптеп жолданған. Олардың бірқатарын философия кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық және халықаралық қатынастар бойынша орынбасары, филос.ғ.к., доцент м.а. Әлия Рамазанова оқып берді. Конференция «Ұлы даланың жеті қыры және қазақ философиясы мен мәдениетін зерттеудің өзекті мәселелері», «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт және түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Рухани жаңғыру» және қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдардың маңызды мәселелері» тақырыптары бойынша секциялық жұмыстар талқылады. Алдағы уақытта конференицяға қатысушы ғалымдар мен жас ғалымдардың ғылыми мақалалары арнайы жинақ ретінде жарық көреді.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.