Қазақстан спутниктерін тасымалдайтын Falcon 9 зымыраны ұшырылды

Калифорниядағы (АҚШ) Ванденберг базасында 4 желтоқсанға қараған түні бортында 60-тан астам микроспутнигі бар Falcon 9 зымыран тасығышы ұшырылды.  Айта кетер  бір  жайт, Falcon 9 зымыраны 17 елдің 64 спутнигін ғарышқа жеткізеді. Ондағы екі спутник Қазақстанға тиесілі.

Зымырандарды қазақ-британ инженерлер командасы жасаған. Оның бірі – салмағы 100 кг, жерді қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін микроспутник, екіншісі – Жердің ионосферасын зерттеуге мүмкіндік беретін, салмағы бес келі наноспутник.

Бұған дейін Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов “бұдан бұрын спутниктерін ұшырып жүрген ресейлік “Днепр” бағдарламасының жабылуына байланысты Қазақстан өзге елдің зымыран-тасығышын іздеуге мәжбүр болғанын” айтқан.

– Бұл – нарық. Арзан, өзімізге лайықты зымыран іздедік. Кейін “Falcon 9” зымыраны, SpaceX компаниясын таңдадық. Алдын ала дайындығы, сақтандыруы бар, 1 миллион 300 мың – 1 миллион 400 мың долларға түсті. Бұл өте арзан баға деуге болады. Себебі, бірден екі жер серігін ұшырамыз. Бір зымыранмен бір жер серігін ұшыру 10-30 миллион долларға дейін қымбаттап кетуі мүмкін. Ал біз спутникті басқа елдердің жер серіктерімен бірге ұшырайын деп отырмыз, – деген министр Атамқұлов.

Былтыр Ресей Байқоңырдан 12 зымыран ұшырды (2016 жылы -11, 2015 жылы -17). Қазақстанның аэроғарыш комитетінің ақпараты бойынша, биылға 17 старт жоспарланған. 2018 жылдың 10 айында төртеуі ұшырылды.

 

Дерек көз. Азаттық  радиосы