Қазақстанда туған неміс қызы кәсіби рингте нокаут жасады – Бокс

WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы неміс қызы Кристина Хаммер кәсіби рингте кезекті жекпе-жегін сәтті өткізді, – деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Жекпе-жек 9 ақпанда Берлинде өтті. Ол сегіз раундқа есептелген еді. Бірақ Кристина екінші раундта техникалық нокаут жасап, жеңіске жетті. Хаммердің қарсыласы Грузиядан келген Елена Сикмашвили болды. Енді спортшының активінде 24 жекпе-жектегі 24 жеңіс бар.

Кристина Хаммер 1990 жылы 16 тамызда Қарағанды облысы Новодолинка ауылында дүниеге келген. Бала кезінде ата-анасымен Германияға көшіп, қазір Дортмундта тұрады. Бокспен 15 жасында айналыса бастаған, ал 20 жасында Германияның кәсіби бокста ең жас әлем чемпионы атанды. Оның кумирі – Геннадий Головкин.

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz