
Алматыда «Grand park» сауда үйінде тропикалық көбелектер көрмесі өтуде. Әлемнің ең әдемі көбелектерін қала тұрғындары мен қонақтары сәуір айына дейін тамашалай алады.
Қазір көрмеде көбелектің 9 түрі бар. Оның көпшілігі қонақтардың сұрауы бойынша әкелінген.Көрменің төрінен көбелек жұлдызқұрттарын тамашалауға болады. Егер жолыңыз болып кетсе, сіз көбелектің дүниеге келу сәтіне куә боласыз.
Көптеген аңыздар мен мифтерге арқау болған осынау әсем әрі құпия жәндік махабаттың, бақыттың, адалдықтың символы саналады. Батыста үйлену тойларында көгершіндердің орнына көбелектер ұшырып, жас жұбайларға бақыт пен пәк махаббат тілейтін көрінеді. Бунақденелі жәндік тұқымына жататын көбелектердің 157 000 түрі бар екен. Басқа да жәндіктер секілді көбелектер де көктемде тұқым көбейтеді.
Көбелектер аралардан кейінгі тозаңдандырғыш. Көбелектер табиғатын зерттейтін ғылым «лепидоптерология» деп аталады. Ең ірі көбелек қанаты 30 см болатын «Attacus aitas» түнгі көбелегін жиі құстармен шатастыратын көрінеді. Ең шыдамды көбелек – «Монарх». Ол мыңдаған шақырымдарды тоқтаусыз ұшып өтеді. «Монархтың» жылдамдығы сағатына 12 шақырымды болады екен. Тіпті сағатына 31 шақырым ұшып өтетін түрлері де кездесетін көрінеді. Көздің жауын алатын әсем жәндіктердің бір құпиясы – олар күннің сәулесі болмаса ұша алмайды. Бір қызығы, көбелектің қанаты түссіз мөлдір болады екен. Күн сәулесі мен сан – алуан гүлдер тозаңынан түзілген ғажап түстер, қаттылау нәрсеге тисе немесе қажалса түсіп қалады.
Суреттерді түсірген: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ