Әлеуметтік желі – заман талабы

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-техникалық факультетіне қарасты студенттер үйінде «Әлеуметтік желіге тәуелділік» атты кездесу болып өтті. Кездесуде осы студенттер үйінде тұрып жатқан білім алушылар қатысып, пікір алмасты. Өз ойларын ортаға салып, қазіргі қоғамда белең алған әлеуметтік желіге тәуелділіктің зиянды жақтары талқыланды. Студенттердің сабақ үлгерімі, олардың келешекте білімді де білікті маман болып қалыптасуына әлеуметтік желінің әсері аталып өтілді.
ХХІ ғасырдан бастап еліміз жаһандық ақпараттандыру процесіне белсене кірісіп кетті. Бүгінде Қазақстан қоғамында білімді ақпараттандыру ісі қарқынды жүріп жатыр. Компьютерді және басқа да ақпараттық технологияларды пайдалану дағдысын меңгеру қазіргі өмірдің ажырамас бір бөлігі. Ақпараттық технологияларды меңгеру – заман талабы. Дегенмен, қазір адамдар қызмет орнында да, үйде де компьютермен жұмыс істей береді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі еңбектеген баладан бастап компьютерден, ұялы телефоннан ойын ойнап отырғаны қалыпты жағдайға айналды. Оның өмірімізге, кеңінен енгені соншалықты, қазіргі жас буындар өзінің өміртанымын ғаламтордағы желі ішінде қалыптастыруда. Ал, оның зияны жайлы ойламаймыз да. Мамандар «компьютерге телміріп, уақытының басым бөлігін виртуалды әлемде өткізу бала денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, оның психологиялық құбыжыққа айналуына ықпал етіп, компьютерлік тәуелділікке, психологиялық күйзеліске ұшыратады» деген тұжырымда.
Ғаламтор желісін және ақпараттық технологияның тілін еркін меңгерген адам – технологияны өзіне бағындыра алады, сонымен қатар тиімді пайдаланып өзіне қажетті ақпараттарды ала отырып, орынды пайдаланады. Керісінше, ғаламторда алтын уақытын шығындап, бос өткізетін жастарымыз қаншама? Шыны керек, қазір өмірін ұялы телефонсыз, ғаламторсыз, әлеуметтік желілерсіз елестете алмайтын толқын өсіп келеді. Бұл заман талабы дегенмен, технологияға түпкілікті тәуелділік неге алып келіп соқтырады? Уақыт біздің өміріміздегі баға жетпес қазына. Бірақ, өкінішке орай қазіргі жастар өз уақыттарын үнемдеудің мәнін түсіне бермейтін роботтарға айналып барады. Бұл еліміздің дамып өркендеуіне кері әсерін тигізбей қоймас.
Сонымен қатар, әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден алыстатады. Бұл әсіресе, өсіп келе жатқан жасөспірімдер мен ересектер арасындағы үлкен шешуі қиын мәселе болып отыр. Жалпы, елімізде ғаламтор пайдаланушылардың саны 12 миллионнан асып жығылыпты. Бұл халықтың 70 пайызын құрайды екен. Осыдан бес-алты жыл бұрын ғаламторда жастар көбіне ресейлік «Мой мир» желісін пайдаланса, кейіннен «Фейсбук», «ВКонтакте», «Инстаграм», «WhatsApp», «Скайп» секілді қосымшаларды пайдалана бастады. Қазір ұялы байланыссыз жүрген жастарды көрсе, тіпті таңырқайтын болдық. Әлеуметтік желіде көрген-білгендерін қызықтап, қажетті ақпараттармен бөлісіп, фото орнату, лайк басу, пікір білдіру, селфи жасау үрдісі қалыпты дағдыға айналып барады.
Компьютерге толық берілген жеткіншектің қоректену және ұйқы графигі толық бұзылады, өз денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқандығын да елемейді. Өзін үнемі сергектік күйде сақтау мақсатында жеткіншек кофе және басқа психостимуляторларды көп пайдаланады. Компьютер алдында көп қоректенеді. Компьютер алдында ойнау немесе жұмыс істеу барысында бала эмоционалды көтеріліс сезеді. Қоршаған адамдармен үнемі түрлі ғаламторлық тақырыптарда әңгімелесу басталады. Өзінің компьютерлік фантастика әлеміне келесі енудің ұсақ–түйегіне дейін ойластырады және оған жағдай жасайды.
Әлеуметтік желіге–тәуелділік механизмдеріне тоқталсақ, ол ағзаның түсініксіз талаптары мен психикалық жүйесіне негізделген. Бұл талаптар персонаж роліне енуге деген құмарлыққа және бұл арқылы шындықтан қашуға негізделеді. Берілген механизмдер адам санасы мен мотивация сипатынан тәуелсіз жұмыс істейді. Бірінші механизм – бұл шынайылықтан кету. Бұл механизмнің негізі баланың күнделікті шаруа мен проблемалардан (құрдастарымен, жанұя мүшелерімен, мұғалімдермен проблемалары болуы мүмкін) кетуге деген қажеттілігі болып табылады. Балалардың көзбе-көз қарым-қатынас жасауларының, достық сезімінің, жан ашу, қамқорлық жасау деген игі қасиеттердің төмендеуіне де ықпал етеді
Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының дәлелдеуінше, бүкіләлемдік ғаламтор желісі жеткіншектерге физикалық, психологиялық жағынан айрықша зиянды. Ең алдымен, баланың көру қабілеті төмендейді, себебі, бұлшық еттері қатаймаған жасөспірімнің көздері шаршайды. Сондай-ақ, компьютер алдында көп отыру жас балдырғанның омыртқа сүйегін зақымдайды. Қозғалыссыз отыру, қолмен ғана бірыңғай жұмыс істеу, содан ағзаға салмақ түсуі баланың жүйке қызметін бұзып, мойнына тұз бен суықтың жиналуына (остеохондроз) әсер етеді. Және де жамбас сүйектің үнемі қозғалыссыз қалуы қабынуына әкеліп соғады. Қазіргі таңда студенттердің 90%-ы «әлеуметтік желілерге» тәуелді десек артық айтпаған болар едік. Мұның нәтижесі студенттердің күнделікті сабаққа деген қызығушылығы мен үлгерімі, ынтасының төмендеуіне әкеледі. Мамандардың пікірінше «Әлеуметтік желілерде үнемі отыру ми қызметіне де кері әсер етеді, гормональдық тепе-теңдікті бұзады, иммунитетті нашарлатады, мұның бәрі адамның жүйкесі мен ой-санасына белгілі бір мөлшерде ауыртпалық түсіреді». Өздеріңізге белгілі, жүйкеге салмақ түсуі дегеніңіз – ойлау қабілетінің төмендеуі, көңіл бөлу мен есте сақтаудың кемуі, бас ауруы мен ұйқысыздық, көңіл күйдің құлазуы.
Бүгінде интернетке тәуелділіктің салдарынан жастардың денсаулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениеті де төмендеп барады. Атап айтқанда қазіргі жастар «WhatsApp» желісі арқылы тілдесуде сөздердің аяғын қысқартуы, яғни дұрыс жазбауы, мысалға «барад», «келем», «қаз», және т.б. сияқты сөздер жазуы тіл мәдениетінің төмендеуіне әкеліп соғады.
Айтуға оңай болғанымен, әрине, жастарды бірден интернетке деген тәуелділіктен арылту қиын. Бірақ бұл «бұдан шығатын жол жоқ» дегенді білдірмейді. Қазір виртуалда танысқан жастар күнделікті өмірде бас қосып, кездесіп жатыр. Мысалы, еліміздің қалаларында домбыра пати, асық пати, секілді кештер ұйымдастырылып жүр. Осы дәстүрді кеңінең үлкен көлімде қолға алса, жастарды қызықтырары сөзсіз. Бұдан бөлек, қалада жастар баратын түрлі спорттық үйірмелер бар. Айталық, шахмат, тоғызқұмалақ, күрес, бокс, суда жүзу, т.б. Қаласа театр, көрме, цирк, кинотеатр, саябақтарға барып көңіл көтерулеріне болады. Әрбір жас тиянақты білім алумен қатар, күн тәртібіне бос уақытын пайдалы өткізуді күнделікті жоспарлап үйренсе, интернетке деген тәуелділікті алмастырар еді.
Әлеуметтік желіге тәуелділікті Қытай билігі психикалық ауытқу ретінде танып, 2008 арнайы құжат бекіткен. Балалардың интернетке байланып қалу мәселесімен күресті ертерек бастап, қауіптің алдын алуға кіріскен. Яғни, желіге байланған жеткіншектерді кеселінен арылту үшін арнайы жаттығу лагерлерін ашқан. Аталған орталықтарда Қытайдағы жастарды әскери тәртіппен емдейді. Онда әскердегі жаттығуларды емделушілердің күнделікті режиміне енгізген.
Бүгінгі таңда біздің елімізде де жастардың денсаулығына, дұрыс өсуіне зиян келтіретін ақпараттардан қорғау мақсатында бірқатар заңдар қолға алынып жатыр. Жастардың салауатты өмір салтына бейімділігін қалыптастырудағы бұл кездесудің мақсаты студенттерге ғаламторда көп отырудың, яғни тәуелділіктің зиянды екендігін, компьютерлік ойындар ойнаған жас өспірімдердің ашушаң болатынын, бас ауруы, дене бітімінің бүкірейуі, ұйқысыздық сияқты келеңсіз жағдайлар білім сапасын қамтамасыз етуге кедергі келтіретінін жеткізу. Виртуалды дос табу арқылы қиял-ғажайыптық психоэмоционалдық күйзеліске ұшырап, жан-жағындағы адамдармен тілдеспей, көңіл-күйдің ғаламтор мен компьютер ойындарына бағыну арқылы тәуелділік деңгейін арттыра түседі деген тұжырым жасап тарастық.

Қ.Д.Байжұманов,
Э.М.Зульбухарова,
Ш.Б.Ғұмарова,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің
аға оқытушылары.