Алматыда Балуан Шолақ туралы фильмді көрсетті

Алматыда желтоқсанның 14-і күні қазақ халқына танымал тарихи тұлға – Балуан Шолақ жайлы көркем фильмді журналистерге жабық түрде көрсетті. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен “Қазақфильм” киностудиясы түсірген. “Балуан Шолақ” фильмінің сценариі – жазушы Дулат Исабековтікі. Фильмде Балуан Шолақтың рөлін актер Еркебұлан Дайыров сомдаған. Фильмде Балуан Шолақтың өмірі, балуандығы, әншілік өнері мен сазгерлігі, ол өмір сүрген тарихи кезең бейнеленеді.

Көркем фильмде Балуан Шолақтың патшалық Ресей саясатына, Қазақстанға Ресейдің ішкі өлкелерінен шаруаларды қоныстандыруға наразылығы көрсетіледі.

Фильм авторлары кино түсіру кезінде Балуан Шолақтың оң қолының молақтығын көрсету қиын болғанын айтады.

Балуан Шолақ туралы фильм екі жылда, Алматы облысы мен Павлодар қаласы және Бурабай шипажай аймағында түсірілген.

Фильм авторлары киноны түсіруге қанша қаржы жұмсалғанын айтпады. Фильм келесі жылдың басында прокатқа шығады.

Дереккөз.  Азаттық  радиосы