Алматыда “басқыншылар” кесірінен 250 студент жатақханадан орын таппай қалды

Алматыдағы Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық зерттеу-техникалық университеті бірінші курс студенттерінің жатақханаға орналасуына бөлмелерді өз еркімен басып алғандар кедергі болуда, деп хабарлайды Zakon.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметі атап өткендей, биылғы оқу жылының басында университет тағы да шамамен 250-дей бірінші курс студенттерін жатақханаға орналастыру мүмкіндігінен айырылып отыр. Ол студенттер арасында көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққандар, жетім балалар да бар.

– Қазір Төле би, 124 мекенжайындағы №5 жатақханада 50 отбасы тұрады, олардың дені – университеттің бұрынғы қызметкерлері. Арасында жатақхана ақысын төлемейтіндер де бар, берешектері шамамен 15 миллион теңгеге жеткен, – деп хабарлады университет.

Мәселе мынада: университеттің бұрынғы басшылығы баспананы өз қызметкерлеріне уақытша пайдалануға берген. Бірақ әлгі қызметкерлер жұмыстан шығарылғандарына қарамастан, түрлі сылтау айтып, жатақхананы босатудан бас тартқан.

– Олар жылдар бойы жатақхананы заңсыз басып келеді. Бұдан басқа баспанамыз жоқ деп жылайды, көбі қазір сауда-саттықпен айналысады, университетке ендігі еш қатысы жоқ. Айта кетсек, жатақхананы пайдаланудың жалғыз ғана заңды жолы – оқу кезінде студенттерге жатақ ретінде пайдалануға беру. Бұрынғы қызметкерлер басымызға шығып отыр. 2019 жылы 16 сот отырысы өтіп, университет пайдасына сот шешімдері шыққан. Бірақ тұрғындар соған да қарамастан, жатақхананы босатпай отыр – деді университеттің баспасөз қызметі.

Қазір Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық зерттеу-техникалық университетіне 2505 студент түскен. Бұл былтырғыдан 15%-ға көп. Жалпы, Satbayev University жатақханаларында 1742 орын бар, оның 1130-ы – бірінші курс студенттеріне арналған.