Алматыда көпбалалы аз қамтылған отбасыларға балабақша ақысын төлеуге көмектеседі – Ел жаңалықтары

Бауыржан Байбек мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға берілетін мекен жай бойынша көмекті ұлғайту және тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап бала бақша шығынының өтемақысын төлеу шараларын қарастыруды тапсырды, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметіне сілтеме жасап. 

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс конференциясында Алматы әкімі Бауыржан Байбек құрамына мемлекеттік жәрдемақы, адрестік көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік көмек, еңбекпен қамту және басқалары енген қолдаудың кешенді шараларын атап өтті.

«Үйде мүгедек балаларды оқытуға кететін шығынды өтеу үшін берілетін өтемақы мен өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде берілетін бір реттік адрестік көмек көлемін ұлғайтуды қарастырған жөн. Егер отбасы көпбалалы болса, онда балдырғанды бала бақшаға орналастыру да қиын. Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап бала бақшаға кететін шығынның өтемақысын төлеу мәселесін зерттеу қажет», – деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, Алматы әкімі көпбалалы отбасыларға заңнамалық және психологиялық кеңестер, реабилитациялық көмек көрсететін «Бақытты отбасы» орталығын құруды тапсырды. Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын сервистік орталық болып табылады, осы арқылы көпбалалы аналарды жұмысқа орналаса алады. Бұдан өзге, мегаполис басшысы 4 және одан көп балалары бар отбасылардың тұрғын үй алу үшін төленетін алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға берілетін адрестік көмектің көлемін ұлғайту, ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнатуға кететін шығындарға өтемақы беру мәселесі қарастырылады.

Әлеуметтік әл-ауқат, стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселелер бойынша жұмыс жасау және нақтылы ұсыныстар айту тапсырылды.

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz