Алматыда ондаған адам қатысқан митинг өтіп жатыр

Маусымның 30-ы күні таңертеңгі сағат 10-да Алматыдағы “Сарыарқа” кинотеатрының артында жергілікті белсенділер мен тұрғындардың митингісі басталды. Оған ондаған адам қатысып жатыр. Бұл – соңғы жылдары алғаш рет биліктің рұқсатымен өтіп жатқан митинг.

Көп алдында алғашқылардың бірі болып сөйлеген қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы халықты “алғашқы митингпен” құттықтап, “бұл халық жеңісі” деді. Ол халықпен бірге биліктің де “көзін тырмалап ашып, оянып жатқанын” айтып, режимнің “қорыққаннан” оянғанын, халықтың өз құқығын талап етуді үйренуі қажет екенін айтты. Ол елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа “сәлем” жолдап:

“Ақсақал, 30 жыл бойы халық мойнына мініп келдіңіз. Енді халық мойнынан түсіңіз, биліктен толық кетіңіз. Өзіңізбен бірге билік қолшоқпары болған ішкі істер министрі, өзге де шенеуніктерді алып кетіңіз” деді.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі “Байтақ-Болашақ” экологиялық альянсының жетекшісі Азаматхан Әміртайға, Алматы әкімдігі белсенді Әлнұр Ильяшевке 30 маусым күні бейбіт митинг өткізуге рұқсат берген. Алматыдағы митинг 10.00-12.00 арасында “Сарыарқа” кинотеатрының артында өтеді деп айтылған еді. Ал Нұр-Сұлтандағы митинг 11.00-13.00 арасында “Жерұйық” паркінде болады.

azattyq.org