Алматыда қала мен облыс арасындағы блок-бекеттер әлі ашылмайды

Алматы облысы бойынша карантиндік режим әлі жалғасады.

Өткен аптада Алматы облысындағы ауданаралық блок-бекеттер алынғанымен, қала мен облыс арасында орналасқан блок-бекеттер әлі ашылмайды. Сондай-ақ Алматы облысының іргесіндегі Талдықорған, Кеген, Талғар ауданындағы блок-посттар да әзірге алынбайды.

Облыстан қалаға өтушілер бұл блок-бекеттерден тек рұқсат беру базасына тіркеліп барып қана өте алады.

«Қалаға жұмысқа баратындар Алматыға кіруі үшін жұмыс беруші мекеме әрбір жұмысшының жеке басының куәлігін және көлігінің нөмірін облыстық әкімдікке жіберуі керек. Біз оны базаға тіркейміз, сосын барып ол адамға облыстан қалаға өтуге рұқсат беріледі. Ал былайынша облыста карантиндік режим әлі сақталады»,- дейді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ облыс аумағында қалаға қатынайтын қоғамдық көліктер де әлі жұмысына кіріскен жоқ.