Алматыда Құрманғазы оркестрінің 85 жылдығына орай “Күй шашу” концерті өтті – Өнер

Құрманғазы оркестрі 85 жылдық мерейтойына орай көптеген жаңашыл жобалар ұйымдастырып жатыр. Жақында ғана “Оркестр түні: Әлемдік хиттер” концертімен халықты таңғалдырған оркестр “Күй шашу” атты арнайы бағдарламалық концертін өткізді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Құрманғазы атындағы
Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығармашылық кеш басталмас бұрын ҚР мәдениет қайраткері, ұлттық саз аспаптарын жасау шебері Жолаушы Тұрлығұловтың халық аспаптардан тұрған көрмесі ұсынылды.

Күй абыздары – Оқап Қабиғожиннiң 115 жылдығы және Рүстембек Омаровтың 100 жылдығына арнап ұйымдастырылған бұл концертте Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрғиса Дауешов, Батыржан Мықтыбаев; белгілі дәстүрлі әншілер Жакен Омаров, Шолпан Даржанова, Санат Исаев, Эльза Қарабалина және оркестрдің солисттері мен тағы да басқа жеке солисттер қатысып, қасиетті қара домбыраның үнімен тыңдармандарды тәнті етті.

Кешті айтыскер ақын Талант Арғынғали жүргізді.

Кұрманғазы, Тәттімбет, Сүгір сынды күй алыптарының музыкалық мұраларынан бастау алған концерт, Тұяқберді Шәмелов, Секен Тұрысбеков, Ерғали Есжанов сияқты қазіргі заманғы танымал композиторлардың классикалық шығармаларымен жалғасты. Отандық туындылармен қатар, шетелдік “Borino oro”, “Сhetverno horo”, “Маш ботай”, “Карело-финская полька” сияқты әндер домбыраның орындалуында халыққа тарту етілді.  Әсіресе,оркестрдің домбырашылар тобының орындаған сербия сығандарының музыкасы “Borino oro” тыңдармандардың ерекше ықыласына бөленді.

“Биыл Құрманғазы оркестрінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында көптеген жаңа жобалар ұйымдастырылып, оркестр халыққа жаңа қырынан танылып жатыр”, – деп атап өтті Оркестр директоры Нұрғиса Дауешов.

Тыңдарман қауымның бұл оркестрмен қауышуы оларды жарқын да жадыраңқы күш-жігер мен жаңашылдыққа құлшындыра түсетіні осы жолы да дәлелденді.


© Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің баспасөз қызметі



[ad_2]

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz