Алматыда ұшақ апатынан 7 адам қаза тапты

Бүгін, 2019 жылғы 27 желтоқсанда, таңғы сағат 07:22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы “Бек эйр ” әуе компаниясының №Z2100 рейсі Алматы әуежайынан ұшу кезінде құлап, бетон қоршауды бұзып өтті. Ұшақ екі қабатты ғимаратқа соғылды, деп хабарлайды tazael.kz  ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне сілтеме жасап.

Құтқару жұмыстары бірден басталды, ұшақ өртенген жоқ. Әуе кемесінің жолаушылары мен экипажын эвакуациялау жүргізілуде.

Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны – 7 адам.

ҚР Премьер-министрінің тапсырмасымен Премьер-министрдің орынбасары басқаратын Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Комиссия оқиға орнына аттануда.

Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталады. Апат жағдайлары анықталғанға дейін осы типтегі әуе кемелерінің ұшуы уақытша тоқтатылады.

Алдын-ала мәліметтер бойынша, бортта 95 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.