Алматыдағы мектептерде соңғы қоңырау қалай өтетіні белгілі болды

Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы мектептерде соңғы қоңырау мен бітірушілерге аттестат тапсыру шарасы қалай өтетінін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Орта мектепті бітіру бойынша аттестаттар әр сыныпқа жеке беріледі. Біз барлық сақтық шарасын, оның ішінде арақашықтық, сыныптардың, ата-аналардың қалай бөлініп тұратынын, сондай-ақ аттестат тапсыру интервалын аықтадық. Балалар басқалармен байланыста болмауы үшін, барлық талапты орындауы үшін бүге-шегесіне дейін ойластырдық”, – деп түсіндірді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ Бекшин биыл мектеп жанындағы сауықтыру орталықтары, яғни, лагерлердің жұмысы жайлы айтты.

“Бұл – ортақ шешім, оны директорлар да қолдады. Биыл балалардың қауіпсіздігі үшін мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылмайды”, – деді Бекшин.

Жандарбек Бекшин қала сыртындағы лагерлер де биыл жұмыс істемейтінін айтты.

Еске салайық, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 6 440-қа жетті. Коронавирус пандемиясы елімізде анықталғалы 3 256 адам аурудан айығып шықса, 34 адам қайтыс болған.