Ақтөбеде бір адам коронавирус жұқтырды

Ақтөбеде бір адам коронавирус жұқтырды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

“Қазақстандағы коронавирус бойынша 22 наурыздағы 20.30 сағ. жағдай. Коронавирус індетін жұқтырған тағы 1 адам Ақтөбе облысында тіркелді. Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 31 адам, Алматы қаласында – 23 адам, Қарағанды қаласында – 2, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, жалпы 58 науқас тіркелді”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, бүгін Нұр-Сұлтанда 2 адам және Алматыда 1 адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Олардың біреуі – 1976 жылы туған шетелдік азамат, Қазақстанға бүгін түнде Лондоннан ұшып келген. Екінші адам – 1970 жылы туған Қазақстан азаматы. Екеуі де стационарда. Жағдайлары қанағаттанарлық.

Алматыда тіркелген 1992 жылы туған қыз. Науқас 15 наурызда Ыстамбұл-Алматы рейсімен ұшып келген коронавирус анықталған адаммен байланыста болған. Қазір стационарға карантинге жатқызылды .