Аршавин “Қайрат” сапында қанша ақша алып жүрді – Футбол

Андрей Аршавин “Қайрат” сапында 1,5 миллион доллар алып жүрді. Мұндай мәліметтерді польшалық журналист Мариуш Бельский өз мақаласында жазған, – деп хабарлайды 2×45.info.

Польшалық журналистің мақаласы таяуда алматылық клубқа ауысқан Конрад Вржещиньскиге арналған. Мақалада Бельский өз әріптесі Карол Боченеканың ҚПЛ жалақылар туралы айтқанын жазған. 

“Қазақстанда үздік ойыншылар жылына 300-400 мың доллар алады. Тек Аршавин ғана ресми түрде 1,5 миллион доллар алған, ал бейресми 2,5 миллион”, – деді Карол Боченек.

Vesti.kz порталының мәліметінше, “Қайрат” Аршавин мансабындағы соңғы клуб боғлан. 2016-2018 жылдары аралығында ресейлік футболшы алматылық клуб сапында 107 ойынға қатысып, 30 гол салып, 37 нәтижелі пас шығарды. Сондай-ақ, ол 13 рет ескерту алып, бір рет алаңнан қуылды. Ол үш рет ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанды, Қазақстанның Кубогы мен Суперкубокты жеңді. 

Аршавин ресейлік “Зенит” және лондондық “Арсенал” клубтары үшін өнер көрсеткен. Ресей құрамасында 2008 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған. 

2018 жылы желтоқсанда ол “Зенит” құрамына қайта барды. Ол жас таланттармен жұмыс істеуге бағытталған “Сириус” жобасына жетекшілік етеді.

Осыған дейін, қазақстандық клубтар футболшылардың жалақысына 63 миллион еуро жұмсағаны туралы хабарланды. 2017 жылы БАҚ “Қайрат” ойыншысы Жерер Гоудың жалақысын жариялаған еді: Jeune Afrique мәліметінше, ивуарлық шабуылшы жылына екі миллион еуро алып отырған. 

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz