Арыстағы жарылыс: Әскери бөлімнің командирі мен орынбасары қамауға алынды

Арыстағы жарылысқа қатысты әскери бөлімнің командирі мен оның орынбасары қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  ІІМ сілтеме жасап. 

«2019 жылдың 23 тамызында ІІМ Тергеу департаментінің қылмыстық істер жөніндегі Әскери-тергеу басқармасымен Арыс қаласындағы арсеналдың жарылу фактісі бойынша әскери бөлімнің командирі мен оның орынбасары – артиллериялық қару-жарақ сақтау базасының бастығы ұсталды», – делінген ІІМ хабарламасында. Ұсталған күдіктілер ҚР ҚК 462-бабы 3-бөлігінде қарастырылған (жарылғыш заттарды ұстау ережелерін бұзу), 453-бабы 2бөлігі (ауыр зардапқа апарып соққан немқұрайлылық) бойынша қамауға алынған. «Бүгін Түркістан облысы Арыс аудандық сотымен аталған адамдарды 2 айға «Қамауға алу» шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ.  Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты – Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті.  20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді.

Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды. Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.   Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді. Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

. inform.kz