Арыстанбек Мұхамедиұлы Астана тұрғындарын жаңа жылдық марафонға шақырды

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа жыл қарсаңында Астанада жүгіру марафонын жариялады. Министр салауатты өмір салтын ұстайтын елордалықтарды 31 желтоқсан күні “Бәйтерек” монументінен “Хан шатыр” ОСК-ға дейін жүгіруге шақырды деп жазады NUR.KZ.

Қымбатты достарым! Әсем қала Астанамыздың 20 жылдық мерейтойлы жылы – 2018 аяқталуға жақын. Осы орайда 31 желтоқсан күні сағат 23:00 “Бәйтерек” монументінен “Хан Шатыр” ОСК дейін жүгіріп өтуді жоспарлап отырмыз. Көз тартарлық “Нұржол” жасыл желегі бойымен бірнеше шақырым жүгіріп өтіп, 2019 жылға қарқынмен кіретін боламыз.

Салауатты өмір салтын ұстанатын, спортқа көзқарасы оң, шыныққан шымырларды 2019 жылды саф таза ауада, сергек, қуанышты көңіл-күйде бірге қарсы алуға шақырамын”, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook парақшасында.

Сондай-ақ мәдениет және спорт министрі “Хан шатыр” ОСК жанында мерекелік шара өтетінін де мәлім еткен.

“Жүгіргісі келмейтін, бірақ жаңа жылды ерекше қарсы алғысы келетіндерді де осы жерге шақырамын. “Хан Шатыр” ОСК жанында Астана әкімдігі концерттік алаң құрып, сахнада әртістер өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын болады. Жылы киініп, отбасыларыңызбен бірге келіңіздер.

Мүмкін жастарымыз осы жерден өз бақытын жолықтырар. 2018 жылдың соңғы сәтін ұмытпастай өткізіп, 2019 жылды бірге қарсы алайық. Келіңіздер, әрқайсысыңызды құшақ жайып қарсы алуға дайынмын”, – деп жазбасын аяқтады Арыстанбек Мұхамедиұлы.