Астанада қытайтану институты ашылды

Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ғылыми кеңесінің шешімімен ғылыми-зерттеу бағытындағы «Қытайтану институты» ашылды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Аталған институттың басшысы болып белгілі қытайтанушы, филология ғылымдарының докторы, ақын, Дүниежүзі синологтар қоғамының мүшесі Дүкен Мәсімханұлы тағайындалды.

«Қытайтану институтының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан стратегиялық әріптес ел – Қытай Халық Республикасының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, экономикалық-әлеуметтік даму ерекшелігін, әлемдегі орнын зерделеп, ғылыми байыптау. Ресми Бейжіңнің Шығыс және Оңтүстік Азия, Тайвань, Батыс Еуропа, Түркі, Ислам дүниесі, Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын сараптау», делінген хабарламада. 

Институт ҚХР-дың өз ішіндегі этносаралық, дінаралық, экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелерді, бүгінгі қалпы мен беталысын болжамдап, ақпарат көздері мен жалпы оқырманға анық етіп жеткізбек.

Сонымен қатар институттың мәдени бағыттағы жоспарлаған жұмыстары бар. Мысалы, Қытай мұрағаттарындағы ежелгі түркі, қазақ тайпалары тариxы мен мәдениетіне қатысты деректерді іздеу, жинау, жүйелеу және басып шығару.

«Әйгілі қытай ғалымдары жазған ежелгі түркі, байырғы қазақ тариxы мен мәдениеті туралы зерттеулерді, қытай (xанзу) ұлтының түсінік-танымын, талғам-парасатын Қазақстан жұртшылығына кеңінен таныстыру. Қытай әдебиеті үлгілерін қазақ тіліне аудару. Екі жақтың мәдени-рухани, ғылыми-зерттеушілік қарым-қатынасына лайықты жағдай туғызу», делінген хабарламада.

 

Baq.kz