Білім беру жүйесі жүйеленіп келеді

222

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

Жиын барысында отандық білім беру жүйесін биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдаудың бағыттарына сай одан әрі жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланды.

– Біздің барлық даму жоспарларымызда ғылым саласына зор мән беріледі. Ғылымның жағдайы білім деңгейіне тікелей байланысты. Егер білім беру жүйесін оның алғашқы сатысынан бастап дамытпасақ, елеулі нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл үдерісте Білім және ғылым министрлігі басты рөл атқарады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс нәтижелеріне тоқталды.

– Соңғы 2 жылда білім мен ғылым жүйесіне бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 22 пайызға өсіп, 2 триллион теңгеден асты. Мектепке дейінгі білім беру саласында 3–6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі 95 пайызға жетті. Орта білім беру ісінде оқушылардың 70 пайызы білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша оқытылуда. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 205 мыңнан астам мұғалімнің еңбекақысы 30 пайызға өсті. 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 90 мың мұғалімнің жалақысы артады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жиында бұдан да өзге мәселелер талқынанып, Елбасы арнайы нұсқаулар берді.