Бішкекте қытайларға қарсы митинг ұйымдастырған ер адам ұсталды – Жаһан

Бішкекте қытайларға азаматтық бермеуді талап етіп, ереуілді ұйымдастырды деген күдікпен Аманбол Бабақұлов ұсталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, қытайларға азаматтық бермеуді талап ету мақсатында жасалған ереуілдің соңында қатысушылардың барлығы тарап кеткен. Бірақ құқық қорғау органдарының өкілдеріне бағынбаған 20-ға жуық адам ұсталған.

“Первомай аудандық ІІБ өкілдері наразылық білдіргендермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұсталғандарға қатысты хаттама толтырылды, сосын олар жіберіледі”, – деп хабарлады басылымдағылар.

Еске салайық, кеше Бішкекте ереуілшілер қытайларға азаматтық бермеуді талап еткен болатын. Ереуілге шыққандардың басты талабы – этникалық қырғыздардан бөлек, Қытай азаматтарына Қырғызстанда азаматтық беруге мораторий жариялау. Акцияны ұйымдастырушы “Кырк чоро” көшбасшысы Аманбол Бабақұлов ереуілді ресми түрде әнұранмен бастаған еді.

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz