БҚО-дағы төрт ауданда су тасқыны қаупі бар – Ел жаңалықтары

Батыс Қазақстан облысында төрт аудан мен Орал қаласы су астында қалу қаупі бар. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз мәслихатында айтылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тасқынға қарсы бөгет жасау үшін 153 миллион теңге бөлінген. Су тасқыны жайлы алдын ала наурызда ескертеді. Бірақ, биыл жағдай өзгеше. Қар жамылғысы облыс аудандарында деңгейі 2-2,5 есе жоғары болды. «Казгидромет» РММ филиалындағылар су тасқыны Қазтал, Амангелді, Жәнібек және Бәйтерек аудандарында болуы мүмкін екенін айтты.

«Батыс Қазақстанда өзендердің су деңгейі негізгі нормадан 50-100 пайызға жоғары. Аймақтың алты өзенінде су деңгейі екі есе жоғарылап кеткен. Биыл күшті су тасқыны болуы ықтимал» – деді Батыс Қазақстан облысы «Казгидромет» РММ филиалының басшысы Нұржан Шияп.

Қала түбінде 75 саяжай орналасқан. Қыста ол жақта 14 мыңдай адам тұрады, олардың 5 мыңы балалар. Ол саяжайлар су астында қалатын болса, бірінші ретте осы жердегі адамдардың көшірілетінін айтты. Оралда 28 құтқару бекеті бар. Облыс орталығының қауіпті аймақтары да айтылды.

«Орал қаласында: Жұлдыз, Куреня, Мясокомбинат, ПДП-2, Дерул ауылында, Второй рабочий, Ескі әуежай, Лесозащитная, Физкультурная көшелері», – деді БҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов. Егер апат болған жағдайда, облыс қорындағы 884 миллион теңге төтенше жағдайдың салдарын жоюға жұмсалады.     

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz