Байқау жеңімпаздары марапатталды

Алматыда дін саласындағы өзекті мәселелерге байланысты журналистер арасында үздік шығармалар байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқауды қалалық прокуратураның бастамасымен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы өткізді. Аталмыш байқауда әріптесіміз, “Таза ел” ақпараттық порталының Бас редакторы Сейсен Әмірбекұлы жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Байқау діни экстремизмнің алдын алуға байланысты екі тілде “Үздік әлеуметтік бейнеролик”, “Үздік телевизииялық бағдарлама”, “Үздік радио бағдарлама”, “Интернет желісіндегі ең үздік материал”, “Мерзімді басылымдардағы ең үздік мақала”, “Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ”, “Ең белсенді блогер” аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Байқауға 54 журналисттен 120-дан астам материал түскен.

Басты қойылған талап-Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, діни экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологитясы мен олардың зияндығын ашып көрсету.

Алматы қаласы Дін істері басқарамасы діни бірлестіктерен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Ерғали Көшекеев: “Биылғы шараға Алматы қаласы прокуратурасы қолдау білдіріп отырғанына өте қуаныштымыз. Қоғамдағы діни экстремизм, терроризм мәселесі кең талқылауға түсіп, қоғамның тұрақтылығына, тынышытығына қауіп төндіріп отыр. БАҚ өкілдері арқылы оларға қарсы тұратын материалдарды жариялау біз үшін өте маңызды. Сіздердің барлықтарыңызға алғыс айтамыз”,-деп журналистерге шығармашылық табыс тіледі.

“Екі жыл көлемінде Алматы қаласы Дін істері басқармасы осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүргізіп келеді. Қоғамдағы ұлттың сөзін сөйлейтін, ағарту бағытында қызмет жасайтын немесе әркімнің көзін ашып, қолына ұстататын тақырыптардың барлығын елге жеткізетін – төртінші билік өкілдері. Журналистерді қадірлеп, еңбегін бағалайтын осындай мекемелер әрекет танытып жатқанына, біз шындығында ризашылығымызды білдіреміз”,-дейді Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі Дәрмен Смайыл.

Сонымен байқауда “Заң” газеті Бас редакторының орынбасары Сәкен Қалдыбаев, “Қазақстан Заман” газеті Бас редакторының орынбасары Бауыржан Карипов, “Central Asia Monitor” республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Сәуле Исабаева, “31-арна” тілшісі Ардақ Камал, “Ретро  ҒМ” радиосының редактор-жүргізушісі Гүлвира Биғалиева, журналист Александр Мироглов, “Таза ел” ақпараттық порталының Бас редакторы Сейсен Әмірбек, “Азаттық радиосы” Орталық Азия жаңалықтары жобасының редакторы, бағдарлама продюсері Жұлдыз Төлеу жеңімпаздар қатарынан көрінді. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен дипломдар табысталды. Сондай-ақ, “ынталандыру” сыйлығын бойынша да журналистер марапатталып, ақшалай сый-сыяпаттар берілді. Ұйымдастырушылар байқаудың алдағы жылы да жалғасатындығын жеткізді.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ