Баландиннің Land Cruiser автокөлігінің айнасын ұрлау сәті видеоға түсіп қалған – Қылмыс

Алматыда Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінен автоәйнегін ұрлау сәті видеоға түсіп қалған. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

“Шынымен де, біздің Олимпиада чемпионымыз Дмитрий Баландиннің автоәйнегін ұрлау дерегі тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүріп жатыр. Камералар осы қылмысты жазып алған. Таяу уақытта Алматы қалалық полиция департаменті осы қылмысты істеген қаскөйлерді ұстайды”, – деді Юрий Ильин.

Еске салайық, Алматыда жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінен айнасын ұрлап кетті. Оқиға Құрманғазы, Абылай хан және Байсейітова көшелерінің қиылысында болды. Спортшы достарымен кафеде түскі ас ішіп отырған, кейін далаға шыққанда айнасын шешіп алып кеткенін байқап, полицияға шағымданған.

“Toyota Land Cruiser айдаймын, оны Олимпиададан кейін сыйлаған. Бір айнасы шамамен 400 мың теңге тұрады. Біз Денис Тенді өлтірген жерге жақын отырғанбыз. Адамдар әлі де айна ұрлайды, ашуың келеді. Халық өзгермейді”, – деді Дмитрий Баландин.

Айта кетейік, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен көлік ұрыларының қолынан қаза тапқан. Спортшы оларды көлігінен айна шешіп жатқан жерінен ұстап, ұрлықтың алдын алуға тырысқан, алайда жамбасынан пышақ соққысын алып, көп қан жоғалтып, қайтыс болды.



[ad_2]

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz